Accessibility links

Чехия премьері отставкаға кетпек


Чехия премьер-министрі Петр Нечас. Прага, 13 маусым 2013 жыл.

Чехия премьер-министрі Петр Нечас. Прага, 13 маусым 2013 жыл.

Чехия премьер-министрі Петр Нечас отставкаға кететінін мәлімдеді. Чех үкіметі басшысының отставкаға кетуіне оның жақын көмекшісі Яна Нагиованың сыбайлас жемқорлық пен тыңшылыққа қатысты дауға қалуы себеп болып отыр.

Бұған дейін бас прокуратура Нечас үкіметі аппаратының басшысы Яна Нагиоваға "парламент мүшелерін сатып алумен айналысты" және "чех арнайы қызмет органдарына тыңшылық жасауға тапсырма берді" деп айып таққан еді.

Прокуратураның хабарлауынша, Нагиова арнайы қызмет өкілдеріне Нечастың жұбайын аңдуға тапсырма берген. Әйелімен ажырасып жатқан Петр Нечас тыңшылық туралы ешнәрсе білмегенін, бірақ тағылған айып оның беделіне қатты нұқсан келтіргенін мәлімдеген.

Петр Нечастың коалициядағы серіктестері бұдан ары оған саяси қолдау көрсете алмайтындарын ескерткен. Чехия конституциясы бойынша енді үкіметтің барлық мүшесі бірдей отставкаға кетуі тиіс.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа премьерді анықтау үшін басқарушы коалиция, оппозиция өкілдері мен президент ұзақ келіссөздер жүргізуі қажет.
XS
SM
MD
LG