Accessibility links

Қытай: АҚШ құпия бағдарламасы туралы түсінік берсін


Эдвард Сноуден, АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері. 6 маусым 2013 жыл.
Эдвард Сноуден, АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері. 6 маусым 2013 жыл.
Қытай АҚШ-тан шетел азаматтарына тыңшылық жасайтын құпия бағдарламасына байланысты халықаралық қауымдастық алдында түсінік беруді талап етті деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Таяуда АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің (ҰҚА) азаматтарға тыңшылық жасайтын құпия бағдарламасы әшкере болып, бірнеше мемлекет, оның ішінде АҚШ-тың одақтастары да оған наразы болған еді.

Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Хуа Чуньин "АҚШ халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығы мен талаптарына мойынсұнып, құпия бағдарламасы туралы түсінік беруі тиіс" деп мәлімдеме таратты.

Қытай үкіметі бұған дейін хакерлік шабуылдардан зардап шегіп отырғанын ғана айтып, бұл мәселеге қатысты ұстанымын ашық білдірмеген еді.

Қытай коммунистік партиясының басшылығына жақын дерек көздері "Пекин Вашингтонмен енді ғана жақсара бастаған өзара байланысқа сызат түсіруді қаламайтынын" айтады.

Бұған дейін Washington Post пен ұлыбританиялық Guardian басылымдары АҚШ ҰҚА арнайы бағдарлама арқылы елдегі жетекші интернет компанияларының серверлеріне кіріп, түрлі құжаттар мен дербес деректер алумен айналысатыны туралы жазған. Guardian PRISM деп аталатын бұл құпия бағдарлама туралы ақпаратты АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден бергенін мәлімдеген. Кейін оның Гонконгке кеткені мәлім болды.

Гонконгтың South China Morning Post газетіне берген сұхбатында Сноуден Гонконгке "соттан жалтару үшін емес, ҰҚА-ның азаматтарға жаппай тыңшылық жасайтын қылмысын ашу үшін барғанын және АҚШ үкіметімен соттасуға дайын екенін" айтқан.
XS
SM
MD
LG