Accessibility links

TeliaSonera-ның жаңа басшысы тағайындалды


TeliaSonera-ның бұрынғы атқарушы директоры Ларс Ниберг. Стокгольм, 31 қаңтар 2013 жыл.
TeliaSonera-ның бұрынғы атқарушы директоры Ларс Ниберг. Стокгольм, 31 қаңтар 2013 жыл.
Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримоваға қатысы бар дауға ұрынған TeliaSonera телекоммуникация компаниясының президенті әрі бас атқарушы директоры болып Йохан Деннелинд тағайындалды. Бұл туралы TeliaSonera-ның Қазақстандағы еншілес бөлімі Kcell компаниясы ақпарат таратты.

Йохан Деннелинд бұған дейін Оңтүстік Африкадағы Vodacom International компаниясының атқарушы директоры болған. Kcell таратқан хабарламада оның телекоммуникация саласында түрлі лауазымдарды атқарғаны және мол тәжірибесі бары айтылады. Деннелинд жаңа қызметке 1 қыркүйектен бастап кіріспек.

Компанияның бұған дейінгі атқарушы директоры Ларс Ниберг коррупцияға байланысты қызметінен кеткен еді. The Financial Times басылымы TeliaSonera басшысы мен директорлар кеңесінен бірнеше адамның кетуін компанияның Өзбекстан президентінің қызы Гүлнара Каримовамен істес болуынан көрген.

Бұған дейін Швецияның SVT ұлттық телеарнасы TeliaSonera компаниясы Өзбекстанның телекоммуникация нарығына кіру үшін Гүлнара Каримоваға пара бергені туралы арнайы хабар берген еді. Бұдан соң TeliaSonera-ның 37 пайыз акциясына ие Швеция үкіметі "Өзбекстандағы коррупцияға қатысты ақпараттардан кейін компанияға «түбегейлі жаңару» қажет екенін" мәлімдеген.

1 қыркүйекке дейін компанияның атқарушы директоры міндетін қаржы директоры Пер-Арне Бломквист атқара тұрады.
XS
SM
MD
LG