Accessibility links

Кассациялық сот Челахтың үкімін күшінде қалдырды


Владислав Челах сот залында. Талдықорған, 11 желтоқсан 2012 жыл

Владислав Челах сот залында. Талдықорған, 11 желтоқсан 2012 жыл

Бүгін Алматыда Қазақстанның әскери соты «Арқанкерген» бекетіндегі шекарашылардың өліміне айыпты ден танылған бұрынғы шекарашы Владислав Челахтың ісіне қатысты шағымды қарады. Сот Челахтың адвокаты Серік Сәрсеновтың кассациялық шағымын қанағаттандырмау туралы шешім шығарды.

Прокурор адвокаттың кассациялық шағымында Челахтың кінәсіздігі туралы айтылған дәлелдерге негіз жоқ екенін ескертіп, оны қанағаттандырмауды сұрады. Сот прокурордың ұстанымын қолдады.

Адвокат Серік Сәрсеновтің өзі шешім шыққан кезде сотта болған жоқ, ол сот кеңесу бөлмесіне кеткенде сот ғимаратынан шығып кеткен.

Владислав Челахқа қылмыстық кодекстің тоғыз бабы бойынша айып тағылған еді. Олардың арасында «Екі және одан көп адамды өлтірген», «Жеке заттарды ұрлаған», «Құпия құжаттарды ұрлаған», «Қару ұрлаған» және «Қаруды заңсыз ұстаған» деген баптар бар.

Сот алдындағы тергеу кезінде шекарада бірге қызмет атқарған қарулас жолдастарын "өлтіргенін" мойындаған Челах кейін алғашқы сатыдағы сот отырысында ол айтқанынан бас тартатынын мәлімдеген. Владислав Челах тергеу барысында өзіне «қысым жасалғандықтан мойнына алуға мәжбүр болғанын» айтқан. Басқа кейбір баптар бойынша айыбын мойындаған.

2012 жылы мамырдың 30-ы күні толық өртенген Арқанкерген шекара бекетінен 14 шекарашы мен 1 қорықшы - барлығы 15 адамның мәйіті табылған еді. Бұл қылмысқа қатысты тірі қалған жалғыз шекарашы - 19 жастағы Владислав Челах айыпты деп танылып, ол 2012 жылы желтоқсан айында сот үкімі бойынша өмір бойы түрме жазасына кесілген. 2013 жылы ақпанда апелляциялық сот үкімді күшінде қалдырған.
XS
SM
MD
LG