Accessibility links

АҚШ үкіметі Сноуденді сотқа берді


АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің қызметкері Эдвард Сноуденнің суреті. Пекин, 13 маусым 2013 жыл.

АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің қызметкері Эдвард Сноуденнің суреті. Пекин, 13 маусым 2013 жыл.

АҚШ үкіметі Эдвард Сноуденге "тыңшылық жасады" деген айып тағып, Гонконгтан оны ұстап беруді сұратты. Әзірге Қытай жағынан жауап жоқ.

АҚШ үкіметі айыптау құжаттарын Вирджиния штатының федералды сотына 21 маусымда түсірген. Сноуденге "мемлекеттік меншікті ұрлады, ұлттық қорғаныс ақпараттарын рұқсатсыз бөгде адамдарға таратты" деген айыптар тағылған. Бұл айыптардың әрқайсысы бойынша 10 жыл түрме жазасы қарастырылған.

Эдвард Сноуден - АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері. Ол АҚШ-тың азаматтардың телефон байланыстары мен интернет мәліметтерін бақылайтын арнайы бағдарламасы туралы құпия ақпараттарды жариялаған.

Сноуденді Ұлыбританияның барлау агенттігі де іздестіріп жатыр. Ол агенттіктің ресми рұқсатсыз байланыс құралдары мен интернет арқылы адамдарды бақылағанын мәлімдеген еді.

Сноуден жариялаған ақпараттар бойынша, АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігі де интернеттегі электронды пошталарға кіріп, хаттарды оқиды, Facebook, Google компаниясының интернет қолданушыларының жеке бас мәліметтерін жинайды. Телефон әңгімелерін тыңдайды.

АҚШ президенті Барак Обама ол бағдарламалардың террорлық әрекеттердің алдын-алуға қажет екенін айтты. Оның мәлімдемесіне қарағанда, арнайы қызметтердің әрекеттері АҚШ азаматтарының жеке өмір құпиясына қол сұқпайды. Бұл бағдарламаларды сынайтындар арнайы қызметтердің бақылау тәсілдері америкалықтардың жеке өмір құпиясына деген конституциялық құқықтарын бұзатынын айтады.

Қазір Сноуденнің қайда екені белгісіз.
XS
SM
MD
LG