Accessibility links

Нельсон Манделаның халі күрт нашарлады


Нельсон Манделаның саулығын тілеген хаттар оның үйінің жанында жиналып қалды. Йоханнесбург, 9 маусым 2013 жыл.
Нельсон Манделаның саулығын тілеген хаттар оның үйінің жанында жиналып қалды. Йоханнесбург, 9 маусым 2013 жыл.
Оңтүстік Африка Республикасының (ОАР) бұрынғы президенті, ауруханада жатқан Нельсон Манделаның халі күрт нашарлап кетті. Ел үкіметінің хабарлауынша, дәрігерлер 94 жастағы Манделаның жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр.

Манделаның жағдайы ауыр екенін дәрігерлер оның халін сұрап барған ел президенті Джейкоб Зумаға айтқан. Бұрынғы президент ауруханаға 8 маусымда өкпе ауруымен түскен еді.

ОАР президенті Джейкоб Зума ел тұрғындары мен әлем халқын Манделаның денсаулығының оңалуын тілеп жалбарынуға шақырды.

Апартеидпен белсенді күрескен Мандела 27 жыл түрмеде отырып, 1990 жылы бостандыққа шыққан. Бейбітшілікке қосқан үлесі үшін Нобель сыйлығын алған ол 1994 жылы елдің алғашқы қара нәсілді президенті болды. Нельсон Мандела бұрын мемлекетті басқарған саны аз ақ нәсілділер мен елде басымдыққа ие қара нәсілділерді бітістіруде маңызды рөл атқарған.
XS
SM
MD
LG