Accessibility links

Эквадор: Сноуден саяси баспана сұрады


Эдвард Сноуден. Гонконг, 8 маусым 2013 жыл.
Эдвард Сноуден. Гонконг, 8 маусым 2013 жыл.
Эквадор үкіметі АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденнің осы елден саяси баспана сұрағанын хабарлады.

Эквадордың сыртқы істер министрі Рикардо Патиноның айтуынша, Сноуденнің сұранысына қатысты әзірге бір шешім қабылданған жоқ.

Эдвард Сноуден АҚШ-тың барлау қызметтерінің телефон байланыстары мен интернетті бақылайтын арнайы бағдарламасы туралы құпия ақпараттарды жариялаған еді. АҚШ Сноуденді сотқа беріп, Гонконг үкіметінен оны ұстап беруді сұраған.

АҚШ үкіметі Эдвард Сноуденге "тыңшылық жасады" деген айып тағып, айыптау құжаттарын Вирджиния штатының федералды сотына 21 маусымда түсірген.

Гонконгтың South China Morning Post басылымы 23 маусымда Сноуден берген сұхбатты жариялаған. Онда Сноуденнің жексенбіде Мәскеуге ұшып кеткені, бірақ онда қалмайтыны жазылған.

Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша, Сноуден бүгін Мәскеуден Кубаға ұшып кетпек.

АҚШ сенаторы Чарльз Шумер "Ресей президенті Владимир Путин Сноуденнің Ресейге ұшып келетінін білген және оған рұқсат берген болуы мүмкін" деп мәлімдеді. Сенатор "Путин бұл әрекеті арқылы АҚШ пен Ресейдің қарым-қатынасына сызат түсіруі мүмкін" деп ескертті.
XS
SM
MD
LG