Accessibility links

Атырауда төрт күдікті "өз-өзіне қол жұмсағаны" хабарланды


"Атыраудағы тергеу изоляторында терроризм айыбымен қамауда жатқан төрт күдікті өз-өздеріне қол жұмсады" деп хабарлады Азаттық тілшісіне тұтқындардың туыстары.

Тұтқындардың бірінің туысы Бибігүл Байарысованың айтуынша, ол інісі - тұтқындағы Роман Байарысовқа керек-жарақ әкелуге Құрманғазы ауданынан келген. Бүгін абақтыға барғанында інісін зембілге салып әкетіп бара жатқанын, інісінің ішек-қарны ақтарылғанын байқап қалған.

Қалған үш тұтқынды зембілге салып әкеткенін де туыстары көріп қалғандарын айтады. Туыстарының айтуынша, тұтқындар өздерін "жазықсыз тергеп, қинап жатыр" деп наразылық танытқан. Тұтқындардың туыстары "тергеу абақтысының басшылығы тұтқындардың жағдайы туралы айтпай отыр" дейді.

Оқиғаның анық-қанығын білу мақсатында Азаттық тілшісі Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі департаментіне барған еді. Департаменттегі кезекші капитан Артур Қисамедиев түсінік беретін бастықтың жұмыста жоғын айтты. "Егер тұтқындар қаза тауып, я жараланса туыстары еститін еді ғой" деп жауап берді.

Өз-өздеріне қол салды деген тұтқындардың туыстары көргендерін айтып, прокуратураға шағымданған.

Туыстарының айтуынша, тұтқындар терроризм айыбы бойынша күдікті ретінде ақпан айында қамауға алынған.
XS
SM
MD
LG