Accessibility links

Өрт себебін тексеретін комиссия құрылды


Сейфуллин даңғылы мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысында болған өрт. Алматы, 27 маусым 2013 жыл.

Сейфуллин даңғылы мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысында болған өрт. Алматы, 27 маусым 2013 жыл.

Алматының орталығындағы Rixos қонақүйінің маңында болған өрттің себеп-салдарын анықтайтын арнайы комиссия құрылды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Арнайы комиссия оқиғаның себептерін және одан келген шығынның мөлшерін анықтамақ. Әкімдік комиссия жұмысының қорытындысы бойынша зардап шеккендерге айыпты жақ тарабынан өтемақы өндіріліп берілетінін айтады.

Қала әкімі Ахметжан Есімов бұған қоса өртенген көлік пен пәтер иелеріне материалдық көмек беруді тапсырған.

Бүгін таңертеңгі сағат 10 шамасында Сейфуллин даңғылы мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысында Helios компаниясына қарасты жанармай таситын көлік аударылып, одан аққан бензиннен өрт тұтанған еді. Өрт сол маңдағы көп қабатты тұрғын үйдің бір бөлігін де шарпып, жол шетінде тұрған он шақты көлік те өртенген. Апаттан жанармай таситын көлік жүргізушісі қаза тапты.

Helios компаниясының маркетинг және сату бөлімі Азаттық тілшісіне қазір комиссия құрылып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын, толық мағлұматты тексеру аяқталған соң жариялайтындарын айтты.
XS
SM
MD
LG