Accessibility links

Шыңжаңдағы қақтығыстың себебі әлі анық емес


Үрімжідегі қақтығыс кезінде ұйғыр әйелі полицейдің жеңіне жармасып тұр. Қытай, 7 шілде 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Үрімжідегі қақтығыс кезінде ұйғыр әйелі полицейдің жеңіне жармасып тұр. Қытай, 7 шілде 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Ақпарат құралдары Қытайдың Шыңжаң өлкесінде маусымның 26-сы күні мерт болған адам саны 35-ке жетті деп хабарлады. Шетелдегі ұйғыр белсенділері оқиғаның себебін тексеруді талап етеді.

Қытайдың Xinhua («Синьхуа») агенттігінің хабарлауынша, оқиға Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімжіден 200 километр жерде – Тұрпан уәлаяты Пичан (қытайша Шаньшань) ауданы Лүкчүн қаласында болған.

«Пышақпен қаруланған бір топ адам полиция бекетіне, жергілікті үкімет үйіне шабуылдаған, полиция көліктерін өртеген» дейді агенттік.

Шабуыл кезінде 17 адам (9 тәртіп сақшысы, 8 азамат) көз жұмған, одан соң полиция оғынан 10 адам қаза тапқан.

Ақпарат құралдары 26 маусым күні таңғы сағат 6-ларда болған бұл оқиғадан соң үш адамның тұтқындалғанын, жараланған үш адамның жергілікті ауруханаға барғанын да хабарлады.

Xinhua-ның мәліметін қытай сайттарының көбі жариялағанымен, бейсенбі күні ол ақпараттарды алып тастаған.

«ҚАҚТЫҒЫСТЫҢ СЕБЕБІ – 2009-ДЫҢ ҮРЕЙІ»

Қазақстандағы ұйғырлар қауымдастығының мүшесі Қаһарман Қожамбердінің сөзіне қарағанда «жергілікті халық пен Қытай үкіметінің арасындағы қақтығыстың тууына 2009 жылы 5 шілдедегі студенттердің Үрімжідегі шеруі тағы да қайталана ма» деген қауіп түрткі болған.

– 2009 жылғы шеруді күшпен басып, көптеген адамды атып тастаса да, наразылық тоқтаған жоқ. Үкімет алдағы шілденің 5-інде тағы бір оқиға тумасын деп сақшылар мен компартия өкілдерінен тұратын 10-15 адам құжат тексерген болып үй аралап жатқанына екі-үш ай болды. Олар діни адамдарды, қыздардың хиджап кимеуін қатаң қадағалап, ондайларды үйдің ішінде шешіндіретін жағдайларға жеткен. Бірнеше адам бас қосса, «жиналыс аштыңдар» деп тиісетін болған, – дейді ол.
Ұйғырлардың бас көтеруі кезінде Үрімжі көшесінде жүрген жасақ. Қытай, 11 шілде 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Ұйғырлардың бас көтеруі кезінде Үрімжі көшесінде жүрген жасақ. Қытай, 11 шілде 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Қаһарман Қожамбердінің айтуынша, әлгіндей тексерулерге наразылық білдіргендер маусымның 26-сы күні таңертең сағат 9-10 шамасында шеруге шыққан.

– Сақшылармен не себептен қақтығысқанын дәл білмейміз. Бірақ ол жақта сөзге келмей атып тастайды. Наразылық шегіне жеткен соң ауыл тұрғындарының көбісі көтерілген сияқты. Жергілікті полиция қару қолданған соң, екі сағат өтпей ауданды қоршап, облыспен байланысын үзген. Қазір Тұрпан уәлаятымен байланыс жоқ. Ол жерде ОМОН секілді тәртіп сақшылар ұдайы дайын тұрады. Олар осындай кішкентай нәрседен көтеріліс тууы мүмкін деп сескенеді. Соның алдын алу үшін сол уәлаяттағы барлық аудандар мен ауылдарына әскер кіргізді, – дейді Қаһарман Қожамберді.
Ұйғырлардың бас көтеруі кезінде Үрімжі көшесінде жүрген халық. Қытай, 7 шілде 2009 жыл.
Ұйғырлардың бас көтеруі кезінде Үрімжі көшесінде жүрген халық. Қытай, 7 шілде 2009 жыл.

«ТЕРРОРИЗМГЕ СІЛТЕЙ САЛАДЫ»

Азат Азия радиосы (Radio Free Asia) Пичан ауданының бір тұрғынына сілтеме жасай отырып, маусымның 26-сы күнгі оқиғаның жай-жапсарын баяндайды. «Оқиға өте сала әскер келді де, бәрін тыныштандырды. Қауіпсіздік шарасы тым қатты болды» деген Азат Азия телефон арқылы сөйлескен жергілікті адам.

Пичан ауданы тұрғынының Азат Азия радиосының тілшісіне айтуынша, қалада қазір жағдай ширығып тұр. Ол Лүкчүн қаласы халқының 80 пайызы ұйғырлар екенін айта келе:

– Билік бұл оқиғаны террористерге жабады. Бірақ қазір ұлттық азшылықтарға қатысты әлдебір оқиға болса бітті – соны терроризмге сілтейді, – дейді.

Қала тұрғындарының бірі, ұлты қытай азаматтың айтуынша, полиция қаладаға қытай тұрғындардың үйлерін тексермейді.

– Қарауылда жүрген полицейлер көп. Бірақ оған алаңдап отырған жоқпын. Соншама маңызды оқиға болған жоқ. Шыңжаңда бұрыннан да полиция көп болатын, – дейді ол.

Лүкчүн қалалық полиция бөлімшесінің офицері Азат Азия радиосының тілшісіне «ол оқиға туралы білмеймін» деді.
Үрімжідегі ұйғырлар мен полицияның қақтығысы. Қытай, 5 шілде 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Үрімжідегі ұйғырлар мен полицияның қақтығысы. Қытай, 5 шілде 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

«ШЫҢЖАҢҒА ҚАТТЫ АЛАҢДАЙМЫЗ»

Ұйғырлардың америкалық ұйымы бұл оқиғаға байланысты халықаралық қауымдастыққа үндеу айтып, оқиғаны мұқият тексеруге шақырды. Ұйымның пікірінше, «Әлем бұл оқиға жайлы Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдарынан ғана біліп отыр. Осыдан кейін-ақ халықаралық қауымдастық оқиғаның анық-қанығын тексеруге кірісуі керек».

Құқық қорғаушылар қақтығыс Үрімжі оқиғасы болған күннің қарсаңында – «19 ұйғыр діни экстремизм айыбымен сотталғаннан кейін бір аптадан соң туғанын» да еске салады.

Шыңжаңдағы cоңғы үш жылда болған қақтығыстар

Шыңжаңда 2011-2014 жылдары болған қақтығыстар

  • 2014, шілденің 28-і - Қашғар округі Ярканд уезінде шерушілер мен полиция қақтығысып, Қытай билігі дерегінше - он шақты адам, дүниежүзілік ұйғыр конгресі дерегінше - 33 адам қаза тапты.
  • 2014, маусымның 21-і - полиция учаскесіне жасалған шабуылдан 13 адам қаза тапты.
  • 2014, маусымның 15-і - пышақпен қаруланған үш адам Қотандағы ойын орталығына шабуыл жасады.
  • 2014, мамырдың 22-сі - Үрімжі қаласында жарылыстан 40-қа жуық адам қаза тапты.
  • 2014, сәуір - Үрімжідегі теміржол вокзалында пышақпен қаруланған адамдардың шабуылы мен жарылыстан бір адам мерт болды.
  • 2013, желтоқсан – Яркендте полицияға шабуыл жасалып, 8 адам өлді
  • 2013, қараша – Қашқарда полицияға шабуыл жасалып, 11 адам өлді
  • 2013, қазан – Тяньаньмэнь алаңындағы жарылыстан 5 адам қаза тапты
  • 2013, қыркүйек – үш ұйғыр өлім жазасына кесілді
  • 2013, тамыз – екі ұйғыр өлім жазасына кесілді
  • 2013, маусым – Тұрпандағы қарулы қақтығыста 35 адам мерт болды.
  • 2013, сәуір – этникалық ұйғырлар мен полиция арасындағы қақтығыстан 21 адам (оның 15-і полицей) қаза тапты.
  • 2013, наурыз – Корла қаласында төбелес болып, 4 адам қаза тапты.
  • 2012, ақпан – Яченг аймағында қақтығыстан 12 адам өлді.
  • 2011, желтоқсан – Қытай полициясы Шыңжаңда «террорист» деп 7 адамды атып өлтірді.
  • 2011, тамыз – Қашқардағы қақтығыста 12 адам қаза тапты.
  • 2011, шілде – Қашқар және Қотандағы жанжалдан 32 адам қаза болып, 4 ұйғыр өлім жазасына кесілді.

Швециядағы дүниежүзілік ұйғыр конгресінің хатшысы Дилшат Рашид Қытайдың ресми агенттігі таратқан ақпаратқа сенбейтінін айтты. Оның ойынша, Пекин ұйғырлардың не себепті қарсылық көрсеткенін жасырып отыр.

– Оқиғадан соң билік ақпараттық шектеу қойып, интернеттен мүлдем ажыратып тастаған. Жұртты көшеге шығармай қойған, – дейді ол.

Дилшат Рашидтың дерегінше, Лүкчүнда полиция әлі тінту жүргізіп, көптеген ұйғырларды тұтқындап жатыр.

Шыңжаңдағы бұл оқиға АҚШ үкіметінде сөз болды. Баспасөз қызметінің жетекшісі Патрик Вентрелл 27 адам мерт болған оқиғаны «жіті бақылап отырғандарын» айта келе:

– Қытай билігін бұл оқиғаны жария да мұқият тексеруге, ұсталғандарды Қытай және халықаралық заңдар аясында қорғауға шақырамыз. Қытайдағы ұйғырлар мен мұсылмандар шектеу көріп, дискриминацияға ұшырап жатыр деген хабарларға қатты алаңдаймыз, – деді.

Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы – Қытайдың Орталық Азия, Ауғанстан және Пәкістанмен шектесетін аймағы. Мұнда тұратын жергілікті ұйғырлар (9 миллионға жуық) Пекин тарапынан діни және мәдени қысым көретіндерін, өңірге ұлты қытай азаматтар көптеп қоныс аударып жатқанын айтып, наразылық білдіріп тұрады.

Шыңжаңдағы соңғы бірнеше жылдағы ең ірі қақтығыс – 2009 жылы шілденің 5-і күні Үрімжі қаласында болған оқиға. Әуелі бейбіт түрде басталған шерудің соңы қанды қақтығысқа ұласқан. Қытай билігі «197 адам қаза болды» деп хабарлағанымен, шетелдегі ұйғыр белсенділері толқу кезінде құрбан болғандар саны одан әлдеқайда көп екенін айтады. Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының зерттеуінше, «Үрімжі оқиғасынан кейін 43 адам із-түзсіз жоғалған, хабар-ошарсыз кеткендер одан да көп болуы мүмкін».

Үрімжі оқиғасына байланысты көптеген адам сотталып, он шақты азамат (екеуі әйел) өлім жазасына кесілді.

КАРТА: Шыңжаңдағы Пичан (қытайша Шаньшань) ауданы

Мақаланы әзірлеуге Асылхан Мамашұлы қатысты.
XS
SM
MD
LG