Accessibility links

Шыңжаңдағы қақтығыста мерт болғандар 35-ке жетті


Ұйғырлардың бас көтеруі кезінде Үрімжі көшесінде жүрген жасақ. Қытай, 11 шілде 2009 жыл. Көрнекі сурет

Ұйғырлардың бас көтеруі кезінде Үрімжі көшесінде жүрген жасақ. Қытай, 11 шілде 2009 жыл. Көрнекі сурет

Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданында болған қарулы қақтығыс кезінде қаза тапқандар саны 35-ке жетті деп хабарлайды BBC.

Қытайдың жергілікті ақпарат құралдарының дерегіне қарағанда, полиция "қақтығыстар тудырды" деген күдікпен төрт адамды қамауға алған. Ресми ақпарат бойынша, бейсенбіде бір топ "қарулы бүлікші" полиция бекеті мен жергілікті үкімет үйіне шабуылдаған. Полиция оған жауап ретінде оқ атқан.

26 маусымда Шыңжаңның орталығы Үрімжіден 200 километр жерде – Тұрпан уәлаяты Пичан (қытайша Шаньшань) ауданы Лүкчүн қаласында "пышақпен қаруланған бір топ адамның полиция бекеті мен әкімшілік үйіне шабуыл жасап, көліктерді өртегені" хабарланған еді. Шабуыл кезінде 17 адам (9 тәртіп сақшысы, 8 азамат) көз жұмған, одан соң полиция оғынан 10 адам қаза тапқан.

Бейсенбіде болған қақтығыстың себебі айтылған жоқ.

Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданында ұйғырлар мен Қытайдың ішкі аймақтарынан қоныс аударған этникалық қытайлар арасында қақтығыстар ара-тұра болып тұрады.

Шыңжаңдағы соңғы бірнеше жылдағы ең ірі қақтығыс – 2009 жылы шілденің 5-і күні Үрімжі қаласында болды. Ол кезде 200-ден астам адам қаза тапқан.
XS
SM
MD
LG