Accessibility links

Нельсон Мандела дүние салды


Нельсон Манделаның 27 жылдық қамаудан босаған кезі. 25 ақпан 1990 жыл
Нельсон Манделаның 27 жылдық қамаудан босаған кезі. 25 ақпан 1990 жыл

Апартеидке қарсы қозғалыстың жетекшісі болған, өмірінің 30 жылға жуық уақытын түрмеде өткізген, ОАР-дің қара нәсілді тұңғыш президенті Нельсон Мандела 95 жасқа келгенде дүниеден өтті.

Желтоқсанның 5-і күні Оңтүстік Африка Республикасының президенті Джейкоб Зума көрнекті саяси қайраткер Нельсон Манделаның ұзаққа созылған дерттен айыға алмай Йоханнесбургтағы үйінде көз жұмғанын естіртті.

Шіркеу әнұраны ондаған жылдар бойы Оңтүстік Африканың апартеидке қарсы қозғалысының рухани әнұраны болды. Ол әнді халық шеруге шыққанда, жүгініп отырып ереуілдегенде, елдің қара нәсілді тұрғындарын жерлеген кезде шырқайтын. Бұл ән арқылы қара нәсілді халық бас имегенін білдіретін. 1990 жылдары ақ нәсілді азшылықтың билігі аяқталған кезде осы ән Оңтүстік Африканың ресми әнұранына айналды.

Ер жетісімен астыртын қарсылық танытушылардың жетекшісіне айналып, саяси тұтқын ретінде бұғанасы қатқан, президент болған соң өз елінің көп ұлтты демократиялық мемлекетке айналуының символы болған Нельсон Манделаның өмірі де осы әннің тарихына ұқсас.

ОЛ ГАНДИДІ ҮЛГІ ТҰТТЫ

Ролихлахла Мандела Оңтүстік Африканың Транскей аймағында 1918 жылы жергілікті тайпа көсемінің отбасында дүниеге келді. Кейін оған мектеп мұғалімі «Нельсон» деген ат берді. Осылай атау оған оңайырақ болғанға ұқсайды. Отбасының әлеуметтік мәртебесінің арқасында ол жоғары білім алды. Институт бітірген соң Мандела аз уақыт Йоханнесбург заң фирмасында үйренуші болды. Бірақ қара нәсілді болғандықтан болашақта жақсы қызметке қол жеткізе алмайтыны анық еді.

1948 жылы апартеид саясатын қолдайтын Ұлттық партия жеңіске жеткен соң елдегі нәсілдер бөлінісі анық байқалды, қара нәсілділер бұған дейін қолы жеткен көптеген құқықтарынан айырылды. Олар қызметтен шеттетіліп, ақ нәсілділермен қарым-қатынас жасаудан қалды, туған елінде емін-еркін жүріп-тұра алмай, қоғамның керексіз адамдары ретінде қысым көрді. Апартеидтің «архитекторы» саналатын премьер-министр Хендрик Френш Фервурдтің 1950 жылдардағы мәлімдемесін оның жақтастары жиі ауызға алатын. Ол: «Достарым, бұл республика әлемде салтанат құрған ақ адамның үстемдігінің бір бөлігі!» деген.
Африкалық ұлттық конгресс жетекшісі Нельсон Мандела, 1961 жылғы сурет
Африкалық ұлттық конгресс жетекшісі Нельсон Мандела, 1961 жылғы сурет

Мандела Африкалық ұлттық конгрестің (АҰК) жастар қанатына өтіп, ақтар билеп тұрған қоғамда заңға бейбіт қарсылық білдіретін қозғалысқа қосылады. Сол кезден ондаған жылдар бұрынырақ, әлі апартеидтің қыспағы тумай тұрып, ешкім танымайтын үндістандық заңгер Мохандас Ганди Оңтүстік Африкадағы қуғын-сүргінді көріп, нәсілдік теңдік үшін бейбіт жолмен күресін бастаған болатын. Мандела өзіне шабыт берген адам ретінде Гандидің есімін жиі атайтын. Жиырма жылға жуық тағдыры соның ізін қайталаумен өтті. Бірақ 1960 жылдардың басында Мандела мен оның жақтастары бейбіт қарсылық көрсету қозғалысының нәтиже бермегенін байқады.

Төтенше жағдай жариялап, бөгде ойлаушыларға күш көрсетіп, апартеидке қарсы шеруді баспақ болған үкіметпен күресте АҰК басқаша стратегия қабылдады. Мандела оны: «Күшке күшпен жауап беру» деп атады. Басқа Африка елдері сияқты емес, АҰК партизан соғысын бастамауға және адам өмірін сақтап қалуға ұмтылды. Сондықтан мемлекеттік меншікке зиян келтіру әдісі таңдалды. Ұйым мүшелері пошта бөлімшелері мен телефон құрылғыларын талқандады.

ҚАРА НӘСІЛДІ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ

1962 жылы Мандела қамауға алынып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Келесі жылы, түрмеде отырғанда оған және басқа АҰК белсенділеріне «үкіметті құлату үшін астыртын әрекет жасады» деген айып тағылды.

1964 жылы Мандела мен 7 сотталушыны өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты. Сотта АҰК әдісі туралы 4 сағат бойы сөйлеген Мандела ақтардың режиміне қарсы күрес туралы және қозғалыстың мақсаты жайында баяндады. Ең басты талабымыз – қара нәсілділерге толық саяси теңдік беру дей келіп, судьяға «қажет болса мені өлтіруге үкім ет» деді.
Нельсон Мандела түрмеден босағанына 20 жыл толуын жақындарымен атап өтіп отыр. Йоханнесбург, 4 ақпан 2010 жыл
Нельсон Мандела түрмеден босағанына 20 жыл толуын жақындарымен атап өтіп отыр. Йоханнесбург, 4 ақпан 2010 жыл

«Мен ақтардың біржола үстемдігіне қарсы шықтым. Қара нәсілділердің де біржақты билік етуіне қарсымын. Мен сол мақсат жолында өмір сүремін. Қажет болса сол үшін өлуге де дайынмын». Төреші оның сөзін мысқылдап күлді де, Роббен аралындағы әйгілі түрмеге жіберді. Мандела сол жерде 27 жыл өмірін өткізді.

Түрмеде жатқан Манделаның тұлғасы биіктей түсті, апартеидке қарсы қозғалыс ғаламдық сипат алды. БҰҰ елге қару тасымалдауға эмбарго енгізді, көтерілістер көбейіп, Мандела әлемдегі ең танымал ар-ұждан тұтқынына айналды.

1990 жылы түрмеден шыққан соң халық оны қаһарман ретінде қарсы алды. Оңтүстік Африкада жаңа дәуір басталды. Мандела бұдан кейінгі үш жылын елдің президенті Де Клеркпен бірге апартеид құрылымын бөлшектеуге арнап, елдегі демократиялық сайлауға жол ашты. Сол еңбегі үшін Мандела Нобель сыйлығын де Клеркпен бөлісті. 1994 жылы Мандела елдегі көп нәсілді сайлауда алғашқы қара нәсілді президент болып сайланды. Президент ретінде өткізген бес жылында халықаралық және ұлтаралық татулықты насихаттағаны үшін әлемдік құрметке ие болды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Нельсон Манделаның өмірі


1999 жылы Мандела президенттік лауазымнан кеткенде Оңтүстік Африка әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтары көп, бірақ жалғыз өзі батыл қадамдар жасаған мемлекет ретінде танылды. Үлкен ұлы ВИЧ індетінен көз жұмған соң Мандела осы дертпен күрес кампаниясын бастады. Жақын туысының ВИЧ-тен дүние салғанын көп алдына шығып айтып, тағы да өз қажыр-қайратын дәлелдеді. 2004 жылдан бастап қоғамдық белсенділігін тоқтатты.

Мандела нағыз алыптар сияқты дүниеден өтті – өзі үлгі тұтқан Ганди сияқты ұлт тағдырын қарумен емес, адамгершілік қасиетімен өзгертті.

Джереми Брэнстеннің мақаласын аударған Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG