Accessibility links

Египеттегі қақтығыста үш адам қаза болды


Президент Мұхаммед Мурсидің билігіне наразылық жиынына қатысушылар. Тахрир алаңы, Египет, 28 маусым 2013 жыл.
Президент Мұхаммед Мурсидің билігіне наразылық жиынына қатысушылар. Тахрир алаңы, Египет, 28 маусым 2013 жыл.
Египетте президент Мұхаммед Мурсиді жақтайтындар мен қарсыластары арасындағы қақтығыстар салдарынан жұма күні үш адам қаза тауып, ондаған адам жараланған.

Билік өкілдері Александрия қаласындағы қақтығыс кезінде құрбан болғандардың бірі АҚШ азаматы екенін хабарлады. Александрия мен тағы бірнеше қалада Мурсиді қолдайтын "Мұсылман бауырлар" партиясының кеңселері шабуылға ұшыраған.

АҚШ билігі өз азаматтарына Египетке сапармен бару қазір қауіпті екенін ескертіп, бұл елдегі дипломаттарының қауіпсіздігін күшейтті.

Мұхаммед Мурсидің Египет президенті қызметіне ресми кіріскеніне бір жыл толар шақта оппозиция оның биліктен кетуін талап етіп, жаппай наразылық акцияларын бастайтындарын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде президентті қолдайтын күштер де жаппай шеруге шығатындарын айтты. Осы аптада бірнеше қалада билікке қарсы акциялар өтті. Мурсидің туып өскен қаласында оны жақтайтын партияның штаб-пәтеріне шабуыл жасалды.

Сәрсенбіде телеарнадан халыққа үндеуінде Мурси "наразылық шерулері мемлекетті әлсіретеді" деп ескертті. Ол президент ретінде «бірқатар қателіктер жібергенін» мойындап, елдегі саяси күштерді реформаларға қатысты келіссөздерге шақырды.

Мұхаммед Мурси президент болған бір жылда елде реформашылдар мен исламшыл күштер арасында үнемі келіспеушілік болып, экономикалық даму құлдырап кетті.
XS
SM
MD
LG