Accessibility links

«Тур-де-Франс» көпкүндігінің 100-жарысы басталды


Қазақстандық «Астана» велокомандасы «Тур-де-Франс» көпкүндігінің 100-жарысының ашылу рәсімі кезінде. Порто-Веккио, Франция, 27 маусым 2013 жыл.

Қазақстандық «Астана» велокомандасы «Тур-де-Франс» көпкүндігінің 100-жарысының ашылу рәсімі кезінде. Порто-Веккио, Франция, 27 маусым 2013 жыл.

Бүгін Францияда велоспорттан әйгілі «Тур-де-Франс» көпкүндігінің 100-жарысы басталды. Сонымен бірге бұл велобәйге соңғы он жылда алғаш рет бастан-аяқ Франция жерінде өтпекші.

Жерорта теңізіндегі Корсика аралынан басталған велотурнир шілденің 21-і күні Париждегі Елисей алаңында мәреге жетуі тиіс. Бұл жарысқа қазақстандық «Астана» велокомандасы да қатысып жатыр. Былтырғы көпкүндіктің жеңімпазы британ спортшысы Брэдли Уиггинс жарақат алуына байланысты биыл жарысқа қатыса алмайды.

Соңғы бірнеше жылдың көлемінде «Тур-де-Франс» жарысына қатысушылардың допинг пайдаланғанына қатысты дау-жанжалдар шыққаны мәлім.

1999 – 2005 жылдар аралығында осы жарыста жеті мәрте жеңіске жеткен, бірақ кейін допинг тұтынғаны әшкере болған соң ол атақтарынан түгелдей айрылған АҚШ спортшысы Лэнс Армстронг биылғы жарыстың қарсаңында француз басылымына берген сұхбатында «өзін әлі чемпион сезінетінін» айтқан. Себебі, «ол уақытта допингсіз жеңіске жету мүмкін емес еді» деген уәж келтірген Армстронг.

2012 жылғы Лондон олимпиадасының чемпионы қазақстандық Александр Винокуров 2007 жылы «Тур-де Франс» көпкүндігіне қатысып жатқанда «гемотрансфузия препаратын қолданды» деген айыппен екі жылға спорттан шеттетілген еді.

«Тур-де-Франс» веложарысы тұңғыш рет 1903 жылы өткізілген еді. Әуелгіде француздың L’Auto газетінің жарнамалық жобасы ретінде басталған бұл жарыс уақыт өте келе әлемдегі ең беделді жарыстардың біріне айналды.
XS
SM
MD
LG