Accessibility links

Түрмедегі Курамшин халықаралық сыйлыққа ие болды


Құқық қорғаушы Вадим Курамшин. Алматы, 31 тамыз, 2012 жыл

Құқық қорғаушы Вадим Курамшин. Алматы, 31 тамыз, 2012 жыл

Түрмеде отырған қазақстандық құқық қорғаушы Вадим Курамшин Адам құқығы саласында Людовик Трарье атындағы халықаралық сыйлықтың 2013 жылғы иегері атанды. Бұл туралы дүйсенбі күні белгілі болды.

Сыйлыққа арналған ресми сайтта мұндай шешімді осы жылы Женевадағы конференцияда 29 еуропалық заңгерден құралған қазылар тобының қабылдағаны туралы жазылған. Вадим Курамшинге сыйлық «Қазақстанда түрмеде кінәсіз сотталғандардың құқықтарын қорғағаны және тұтқындарды азаптау мен олардың өлімін зерттегені үшін» беріліп отыр.

Қазақстандық құқық қорғаушыға Людовик Трарье атындағы халықаралық сыйлық берілгені туралы хабарды Вадим Курамшиннің анасы Ольга Колтунова да растады.

- Маған бүгін бірнеше адам (Андрей Цуканов, Бақытжан Төреғожина, т.б.) хабарласып айтты. Әзірге балам мұны білмейді. Әрине, бұл туралы естісе қуанады ғой, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Ольга Колтунова сөз арасында маусым айының басында Солтүстік Қазақстан облысы Жамансопка ауылындағы УК 164/4 қатаң тәртіптегі колонияда отырған ұлын көріп қайтқанын да айта кетті.

- Ол менің көңіл-күйімді түсіргісі келмей білдірген жоқ, бірақ әрең шыдап жүргенін көрдім. Қатаң режимдегі колонияда 12 жыл. Мұндай мерзімді тіпті адам өлтірген қылмыскерге де бермейді ғой, - деді ол.

Түрмедегі тұтқындардың құқықтарын қорғау қызметімен танылған белсенді Вадим Курамшин 2012 жылы 7 желтоқсанда «бопсалау» бабы бойынша 12 жылға сотталған.

Ол - Қазақстанда "саяси және ар-ұждан тұтқыны" ретінде танылған бес адамның бірі.

1984 жылы тағайындалған Людовик Трарье сыйлығы адам құқығы үшін күрескен заңгерлерге беріліп келеді. Бұл сыйлықты алғаш 1985 жылы Нельсон Мандела алған.

Сыйлықты беру рәсімі Парижде 2013 жылы 5 желтоқсанда өтуі тиіс.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG