Accessibility links

Үш құрлықтағы толқудың ортақ белгісі не?


Рио-де-Жанейродағы полиция мен демонстранттар. 24 маусым 2013 жыл

Рио-де-Жанейродағы полиция мен демонстранттар. 24 маусым 2013 жыл

Бразилия, Түркия және Индонезия мен Болгариядағы үкіметке қарсы қозғалыстар әлеуметтік желілерде өте жылдам тарады. Сарапшылар адамдарды басқару қиындап кеткенін айтады.

Жер шарының үш құрлығындағы әртүрлі мемлекеттер бұқаралық наразылықпен бетпе-бет келді. Бразилияда көлік бағасының өскені, Түркияда саябақ салу жобасына қарсылық, Индонезияда бензин құнының қымбаттауы, ал Болгарияда – үкіметтегі непотизмге қарсылық қарапайым халықтың көтерілуіне себеп болды.

«Барлық наразылық танытушылар әртүрлі себепті желеу еткенімен, оларды біріктіретін ортақ себеп бар» деп жазады ұлыбританиялық Economist журналы.

Осы жазда наразылық танытқан әртүрлі мемлекет тұрғындарын не біріктіреді? Оның бірнеше ортақ сипаты бар: қарсылықтың таралу жылдамдығы және наразылық танытушылардың белсенділігі. Барлық елде көшеге шыққан адамдар лоббиші емес, орта таптың өкілдері – қарапайым азаматтар болды. Олардың барлығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы, үкіметтің өркөкіректігі мен тиімсіз басқаруына ренішті.

ЖАҢА ДӘУІР НАРАЗЫЛЫҒЫ. ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕР

Наразылықты жылдам тарату үшін әлеуметтік желіні қолдану – соңғы уақыттағы қарсылықтың басты белгісі. Қазіргі кезде шеру ұйымдастыру үшін кәсіподақтар керек емес – жаңалық көзді ашып-жұмғанша жылдам тарайды. Қолында смартфоны бар кез келген адам (шындыққа жанассын-жанаспасын) өз оқиғасын желіге салып жібереді. Полиция қызметкерлерінің ойларына келгенді істеген әрекеттері адамдарды шеруге шығуға итермелейді, тіпті қарсылық танытуға құлқы жоқтарды да ынталандырады.

Рио-де-Жанейродағы халық шеруі. 20 маусым 2013 жыл

Рио-де-Жанейродағы халық шеруі. 20 маусым 2013 жыл


Күнделікті қажетті ақпарат та тез тарап жатыр – Бразилияда көптеген адамдар суатқыштан құтылу туралы ақыл-кеңес алмасты. Кейбіреулер ата-анасы шеруге шыққанда баласына қарай тұратын еріктілерді іздестірді. «Бразилиялық шеру кезінде тараған бір бейне көріністе азаматтық журналистерге полицейлердің құқық бұзушылық әрекеттерін әртүрлі тараптан түсіру үшін бірлесіп қызмет ету туралы кеңес берген» деп жазады Economist.

Жаңа ақпараттық технологияны қолдану наразылық акциясына күшті серпін береді, бірақ оның сәтті өтуіне кепіл бола алмайды – онлайн топ жүйесіз болғандықтан өз талап-тілегі туралы бір тоқтамға келе алмай, шеруді ұйымдастырушылар ретсіз әрекет жасайды. Үкімет өкілдеріне әлеуметтік желі бойынша наразылық танытушыларды тауып, тұтқындау оңай. 2011 жылдан бері Бразилия полицейлері адамды тану функциясы бар камераны қолданады, ол секундына 400 адамды таниды.

ОРТА ТАП

Соңғы жылдары демократиялық елдерде наразылықтар көбейіп кетті. Еуропа тұрғындары қаржылық дағдарысты жеңу қадамдарына риза болмады. Бюджетті қысқарту туралы хабар тараған сайын адамдар көшеге шығады, Грекияда да солай болды.

Кейде тұрғындардың бір тобы өздерін ауқаттылар тобынан бөлініп қалғандай сезінеді. 2011 жылы Швеция мен Ұлыбританияның жас иммигранттары сол үшін шеруге шықты.

Экономикасы қарқынды дамыған елдердің тұрғындары өсім мен дамуды көре тұрып, өмір сүру стандартының артуын күтеді, Бразилиядағы жағдай соған дәлел.

Соңғы уақытта орта тап наразылық акциясының негізгі қозғаушы күші болып тұр. Үндістандық Такшашила институтының өкілі Рохит Прадханның пікірінше, тұрмыстық деңгейдегі сыбайлас жемқорлықтан (мысалы, жүргізуші куәлігін алу үшін пара сұрау сияқты әрекеттерден) орта тап көп жапа шегеді. Орта тап өкілдерінің жұмысшы тапқа қарағанда ақшасы мен уақыты да көбірек, сондықтан олар шеруге шыға алады. Мысалы, өткен жылы жас, білімді үнділер 23 жасар студент қызды топ болып зорлағанды естігенде көшеге шығып, «әйелдерді үкімет қорғамайды» деп наразылық танытты.

Анкарадағы наразылық шеруі. 11 маусым 2013 жыл

Анкарадағы наразылық шеруі. 11 маусым 2013 жыл


Economist-тің жазуы бойынша, Түркияда жоғары білімді адамдар саны 1995 жылдан бері сегіз пайызға артқан. Жас, орта тап өкілдері премьер-министр Режеп Тайып Ердоғанның діни консервативтік көзқарасына наразы. Ердоғанның көп балалы отбасы болуға шақырғаны, алкоголь өнімдерін тұтынуды шектемек болғаны оларға ұнамады. Соңғы сегіз жылда кедейліктен құтылған 40 миллион бразилиялық өздері салықпен қамтамасыз етіп отырған үкіметке сынмен қарай бастады. Олар мемлекеттің дұрыс әлеуметтік қызмет көрсеткенін қалайды, бірақ оның орнына үкімет қымбат стадиондармен жарылқайды.

АДАМДАРДЫ БАСҚАРУ ҚИЫНДАП КЕТТІ

Соңғы жылдардағы наразылық акцияларына қарап, қандай ой түюге болады? «Демократиялық елдердегі қарсылық адамдарды басқару қиындағанын көрсетті» деп жазады Economist. Қақтығысқан топ арасындағы ресурстарды бөлу одан да қиын. Наразылық танытқан миллиондаған адам бірнеше күн бойы көшеге шығуы мүмкін. Францияда бір жынысты некені заңдастыруға қарсы шыққандар солай етті.
Демократия дамымаған елдерде қарсылық акциясы күшпен басып-жаншылады, бірақ оның нәтижесі ұзаққа бармайды.
Екінші жағынан, қарсылық шерулерінен жақсы нәтиже де шығады. Мысалы, Үндістанда наразылық танытқанның арқасында сыбайлас жемқорлық мәселесі ұлттық деңгейде қарала бастады. Бразилия президенті саяси бағытты өзгерту мәселесін мемлекеттік деңгейде қараймын деп уәде берді.

«Демократия дамымаған елдерде қарсылық акциясы күшпен басып-жаншылады, бірақ оның нәтижесі ұзаққа бармайды» деп жазады басылым. Көшеге шыққан адамдарды тарату үшін күш қолдану үкіметтің беделіне нұқсан келтіреді, Түркия премьер-министрінің жағдайы соған дәлел. Екі жыл бұрын «араб көктемі» кезіндегі араб үкіметтерін мысал етсек, наразылық танытушылардың ашу-ызасын басуға диктаторлардың шамасы жетпейді.

Аударған – Динара Әлімжан

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG