Accessibility links

Мәскеу: Сноуден өтінішін қайтарып алды


Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Мәскеу, 2 шілде 2013 жыл.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Мәскеу, 2 шілде 2013 жыл.
Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сейсенбіде "АҚШ арнайы қызметінің бұрынғы агенті Эдвард Сноуден Мәскеу өзіне шарт қойған соң саяси баспана беру туралы өтінішін қайтарып алғанын" мәлімдеді.

1 шілдеде Владимир Путин "Сноуден Ресейден саяси баспана алғысы келсе, Ресейдің америкалық әріптестеріне қарсы жұмыс істеуін доғарсын" деген еді.

Дмитрий Песковтің айтуына қарағанда, Эдвард Сноуден 15 мемлекетке саяси баспана беру туралы өтініш жасаған. Қазір ол Мәскеудегі Шереметьево әуежайында деген ақпарат бар.

Эдвард Сноуден америкалық барлау қызметінің электронды және телефон байланыстарына тыңшылық жасайтын бағдарламасы туралы ақпаратты жария еткен еді. Бағдарлама үлкен халықаралық жанжал тудырып, АҚШ-тың одақтастары да оған наразылық білдірген.

АҚШ-та Эдвард Сноуденге барлау қызметінің құпия бағдарламасын әшкерелегені үшін "тыңшылық жасады" деген айып тағылып, іс қозғалған.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров бүгін Брунейде өтіп жатқан Оңтүстік-шығыс Азия елдері ассоциациясының (АСЕАН) саммитінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керримен кездескен. Министр Лавров кездесуде "Сноуденге қатысты ешнәрсе талқыламайтынын, себебі ол туралы барлық нәрсені Путин айтып қойғанын" мәлімдеген.
XS
SM
MD
LG