Accessibility links

Қазақстан ConocoPhilips-тің Қашағандағы үлесін алмақ


Қашағандағы бұрғылау орындарының бірі. 11 қазан 2012 жыл.

Қашағандағы бұрғылау орындарының бірі. 11 қазан 2012 жыл.

Қазақстан үкіметі ("Қазмұнайгаз" компаниясы арқылы) америкалық ConocoPhillips компаниясының Қашаған мұнай кен орнындағы акциясын - 8,4 пайыздық үлесін сатып алады деп хабарлады Қазақстанның мұнай және газ министрлігі.

Министрлік акцияның бағасы жайлы мәлімет берген жоқ, бірақ ConocoPhillips ол соманың шамамен 5 миллиард АҚШ доллары екенін айтады.

ConocoPhillips Қашағандағы үлесін әуелі үндістандық ONGC Videsh компаниясына сатпақ болған еді. Бірақ Қазақстан үкіметі артықшылық құқығын пайдалана отырып, ол үлесті сатып алатынын ескертті.

Қазақстан халық банкіне қарасты Halyk Finance компаниясының сайтында 28 маусымда жарияланған дерекке қарағанда, "Қазақстан ConocoPhillips-тің Қашағандағы үлесін Қытайға (CNPC) 5,5 миллиард долларға сатуы мүмкін".

"Қазмұнайгаз" ConocoPhillips-тің үлесін сатып алса, Қашаған акциясының 25,2 пайызына ие болады. Өзге акционерлер - италиялық Agip, америкалық ExxonMobil, ағылшын-голландиялық Shell, франциялық Total - әрқайсысы 16,81 пайызға, жапониялық U.S. Inpex North Caspian Sea - 7,56 пайызға ие.

Сәуір айында "Қазмұнайгаз" басшысы Ләззат Қиынов Қазақстанның Қашағандағы үлесі - 16,8 пайыз акциясы жеткілікті екенін айтқан.

35 миллиард баррельге жуық мұнай қоры бар Қашаған кен орнын игеру 2013 жылдың соңында басталуы керек.

1970 жылдан бері табылған кен орындарының ең ірісі Қашағанды барлаған мұнай компаниялары 13 жылда 48 миллиард доллар жұмсаған.
XS
SM
MD
LG