Accessibility links

Мурси: Заңды билігімді қорғап қаламын


Каирдің Тахрир алаңындағы үкіметке наразылық шеруі. Египет, 30 маусым 2013 жыл.

Каирдің Тахрир алаңындағы үкіметке наразылық шеруі. Египет, 30 маусым 2013 жыл.

Египет президенті Мұхаммед Мурси отставкаға кетпейтінін және "конституциялық заңды билігін" қорғауға барын салатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол сейсенбі күні кешке мемлекеттік телеарнадан сөйлеген сөзінде айтты.

Мурси "25 қаңтардағы (2011 жыл) төңкеріс пен оның жүзеге асқан мақсат-мұратынан, заңды биліктен қайтсек айырылмаймыз? Заңды билік үшін өмірімді қиямын. Азаматтардың өмірін сақтап қалғым келеді" деді.

Ол мемлекетті басқаруда кемшіліктер жібергенін мойындады. "Бірақ сыбайлас жемқорлық пен бұрынғы режимнің қалдықтары дамуға кедергі келтіріп тұр" деді президент.

Ал оппозиция өкілдері Мурсидің мәлімдемесін "ашық түрде азаматтық соғысқа шақыру" деп атады.

АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Джен Псаки Мурсиді наразылық танытушылардың талабын ескеруге шақырды.

Египет қарулы күштерінің басшылығы дүйсенбі күні үкіметке сәрсенбіге дейін, 48 сағат ішінде саяси диалог орнатуға ультиматум қойған. Ультиматум орындалмаған жағдайда әскерилер бейбітшілік орнату жоспарын орындауға кіріспек. Оппозициялық күштер келіссөздерді жүргізетін өкілі ретінде Мұхаммед әл-Барадеиді ұсынды.

Каирде мыңдаған адам бірнеше күн бойы Мурсидің отставкаға кетуін талап етіп наразылық шерулерін өткізіп тұр. Мурсидің жақтастары да шеру ұйымдастырып жатыр. Reuters агенттігінің хабарлауынша, сейсенбі күні кешке Мурсидің жақтастары Каир университетінде қауіпсіздік күштерімен қақтығысып, 16 адам қаза тапқан, 200-ге тарта адам жараланған.
XS
SM
MD
LG