Accessibility links

"Қазақмыс": Жұмысшылар қысқармайды


"Қазақмыс" жұмысшылары. Жезқазған, 6 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
"Қазақмыс" жұмысшылары. Жезқазған, 6 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
"Қазақмыс" компаниясының Жезқазғандағы мыс қорыту зауытының жұмысшылары бүгін өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаевпен және компания басшысы Эдуард Огаймен кездесті. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Зауыт жұмысшылары бұған дейін "Қазақмыс" компаниясы құрамындағы мыс қорыту зауыты жөндеу жұмыстарынан соң мүлдем жабылып қалуы мүмкін деп қауіптенген еді. Жұмысшылар бұған қоса уақытша жөндеу кезінде жұмыстан босауына да қарсылық танытқан. Олар осы мақсатта 6 шілдеде наразылық білдірмек болған.

Компанияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, кездесуге 800-ге тарта жұмысшы қатысқан. Компания басшысы Эдуард Огай "зауытты қайта құруда жұмысшылардың негізгі құрамының қысқармайтынын, жұмысшылардың барлығы жөндеу жұмыстарына тартылатынын, компания жұмысшылардың жалақысын толық көлемде төлейтінін" айтқан.

Ал жұмысшылардың бірімен сөйлескен жергілікті азаматтық белсенді Берік Жағыпаровтың айтуынша, министр Бақытжан Сағынтаев зауыттың жөндеуге жабылатынын, бірақ жұмысшылардың жалақысы төленетінін айтқан. "Сағынтаев зауыттың мүлдем жабылуы мен жұмысшылардың қысқаруына қатысты алаңдаушылықтарға "бастықтарың жұмысшыларға жөндеу жұмыстары туралы дұрыс түсіндірмеген" деп Огайдың өзін кінәлады" дейді Жағыпаров.

Жұмысшылар зауытты жөндеу жұмыстарына байланысты бұған дейін наразылық танытқан еді.
XS
SM
MD
LG