Accessibility links

Әскерилер Мурсиге күзет қойды


Мұхаммед Мурсидің жақтастары әскерилердің оны биліктен шеттеткеніне наразылық білдіріп тұр. Каир, 3 шілде 2013 жыл
Мұхаммед Мурсидің жақтастары әскерилердің оны биліктен шеттеткеніне наразылық білдіріп тұр. Каир, 3 шілде 2013 жыл
"Египеттің биліктен шеттетілген президенті Мұхаммед Мурсиге қарауыл қойылды" деп хабарлайды Reuters агенттігі.

"Мұсылман бауырлар" қозғалысының өкілі Ахмед Ареф "Мұхаммед Мурси мен оның көмекшісі Эссам әл-Хаддадтың күзетке алынғанын, бірақ олардың нақты қайда екенін білмейтінін" мәлімдеді. Ал қауіпсіздік қызметінің өкілі "Мурси мен оның көмекшісін әскери барлау қызметі өз кеңсесінде күзетіп отырғанын" айтты.

3 шілде күні Египеттің қорғаныс министрі Абдел Фаттах әл-Сиси "президент Мұхаммед Мурсидің биліктен кеткенін" хабарлаған. Министр жаңа президент сайланғанға дейін конституциялық соттың төрағасына президент орнына жарлықтар шығару құқығы берілетінін, уақытша үкімет құрылатынын айтқан.

Соңғы күндері елде толқулар басталғандықтан, әскерилер билік пен оппозициялық партияларға мәмілеге келу туралы ультиматум қойған еді. Үш күн ішінде қарсы тараптар мәмілеге келе алмаса, әскер басшылары қатаң шараларға баратынын хабарлаған. Ультиматум уақыты біткен күні, 3 шілдеде Египет қарулы күштерінің басшылары ел конституциясының күшін жойып, жаңа президент сайлауы өтетінін мәлімдеді.

2 шілде күні Каирде болған қақтығыс кезінде 23 адам көз жұмды. 30 маусым күні басталған қарсылық акциялары кезінде жалпы саны 39 адам қаза тапты.
XS
SM
MD
LG