Accessibility links

Әзербайжан оппозициясы ортақ кандидат шығарды


Драматург Рустам Ибрагимбеков. Мәскеу, 13 қараша 2010 жыл.
Драматург Рустам Ибрагимбеков. Мәскеу, 13 қараша 2010 жыл.

Әзербайжанда президент сайлауы таяған сайын саяси ахуал ширығып келеді. Оған себеп - оппозицияның әлемге танымал режиссерді Ильхам Әлиевке қарсы ұсынуы.

Әзербайжандағы сайлаудың бәрі биліктің қадағалауымен өтеді. Сондықтан оның нәтижесінен елде бір өзгеріс болады дегенге сену қиын.

Алайда Әзербайжан оппозициясы уақиғаның беталысын басқа жаққа бұратындай әрекет жасап отыр. Бұл жолғы президент сайлауы ерекше болуы мүмкін. Танымал режиссер Рустам Ибрагимбеков қазіргі президент Ильхам Әлиевпен күш сынаспақ. Мұнайы көп ел қазан айында мемлекеттің жаңа басшысын таңдайды.

Әзербайжан оппозициясының ұлттық кеңесі (бұдан ары - Ұлттық кеңес) елдегі негізгі оппозициялық ұйымдардың басын біріктірді. Шілденің 2-сі күні бұрынғы СССР тұрғындары жақсы білетін «Белое солнце пустыни», кейіннен Оскар алған «Утомленное солнцем» (Никита Михалковпен бірге жазған - ред.) фильмдерінің сценариін жазған Рустам Ибрагимбековті ұлттық кеңес оппозицияның ортақ кандидаты ретінде сайлауға ұсынды.

Ибрагимбеков маусымда Ұлттық кеңес төрағасы болып сайланған. Содан бері ол оппозицияның ортақ кандидаты санала бастаған. Бірақ Әзербайжанның алауыз оппозициясы араларынан ортақ бір үміткер шығара ала ма деген мәселе туған еді. Өзін «саяси неофит» (саясатқа жаңадан келген адам – ред.) деп атаған 74-жастағы Ибрагимбеков бұл жүкті көтере ала ма, жоқ па – белгісіз.

ТАҚЫРЫПҚА ҚАТЫСТЫ: «Әзербайжан оппозициясын режиссер бастап шықты».

Ұлттық кеңестің сайлауға ұсынған жалғыз кандидаты атанған Ибрагимбековке Азаттықтың Әзербайжан қызметінің тілшісі хабарласқан еді. Мәскеуден телефонға жауап берген ол «көңіліңде қобалжу бар екенін, бірақ осы іске бекінгенін» айтты.

- Бұл - үлкен жауапкершілік. Маған сенім артқан жолдастарға рахмет айтамын. Жеңіс үшін аянбаймын. Әзербайжан халқына сенемін. Олар өздерінің тарихи таңдауын жасайды. Мен бұған сенбесем, мұндай жауапкершілікті мойныма алмас едім. Енді ақырына дейін күресу керек, - дейді ол.

«ӨТПЕЛІ» ПРЕЗИДЕНТ

Ибрагимбеков сайлауға түсті екен деп 51 жастағы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевті «жеңіледі» деп ойлауға болмайды. Оған үшінші президенттік мерзімге сайлануға конституцияда рұқсат берілген.

Әзербайжан кинематографистер одағының бірінші хатшысы, драматург, режиссер Рустам Ибрагимбеков (оң жақта) жас режиссерлермен сөйлесіп отыр. Баку, 9 қыркүйек 1982 жыл.
Әзербайжан кинематографистер одағының бірінші хатшысы, драматург, режиссер Рустам Ибрагимбеков (оң жақта) жас режиссерлермен сөйлесіп отыр. Баку, 9 қыркүйек 1982 жыл.

Бірақ Ибрагимбеков - Әзербайжанға ғана емес, шетелге де танымал мәдениет қайраткері. Мұндай адамның саяси бәсекеге түсуі 20 жылдан астам билік басында келе жатқан Әлиевтер әулетін тіксінтіп отыр.

ТАҚЫРЫПҚА ҚАТЫСТЫ: «Әлиевтің әйелінің әзірше президент болғысы жоқ».

Ибрагимбековтің танымал тұлға болуынан бөлек, Ұлттық кеңес шілденің 2-сі күні Әзербайжанның саяси жүйесін реформалайтын бағдарламаларын жариялады. Онда жаңа президенттің мерзімі 2 жылмен шектелетіні, яғни оның «өтпелі» президент болатыны айтылған. Оның сыртында, 2014 жылы жаңа парламенттік сайлау өткізетіндері, президент билігін шектеп, заң шығарушы биліктің құзырларын кеңейтетіндері жазылған.

Әзербайжандағы «Халық майданы» партиясының жетекшісі Әли Керимли Ұлттық кеңес сессиясында «Ибрагимбеков - саяси өзгерістер жасауға қолайлы кандидат» екенін айтты.

- Ұлттық кеңесті құруға күш салғаны және әзербайжан халқы мен басқа елдер арасында беделі болғаны үшін оны үміткер ретінде ұсындық. Ол тек екі жыл президент болады. Келесі сайлауға қатыспайды. Ешбір партияға кірмейді. Ибрагимбеков - мұрагер мәселесін ойламайтын адам. Ол тек әзербайжан халқының демократиялық әлемге қосылуына еңбек етеді. Рустам Ибрагимбеков сол міндетті атқарып шығады деп ойлаймын, - дейді Керимли.

АТАҚТЫҢ ПАЙДАСЫ

Ибрагимбековті жақтайтындар оның өнер өкілі, таза адам екендігінен бөлек, басқа да қасиеттерін атайды. Мәселен, оның атағы АҚШ пен Ресейде қатты шыққан, бұл елдердің тұрғындары оны таниды, қолдайды. (Сайлау датасы әлі хабарланған жоқ, конституция бойынша ол қазанның үшінші сәрсенбісі деп көрсетілген. Демек – қазанның 16-сы күні өтеді).

1995 жылы «Утомленные солнцем» фильмі үшін Оскар жүлдесін алған Ибрагимбеков өткен айда Вашингтонға барып келді. Оның айтуынша, АҚШ конгрессмендері Әзербайжандағы «демократиялық қозғалысты» ерекше қолдайтындарын білдірген.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев. 21 маусым 2013 жыл.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев. 21 маусым 2013 жыл.

Қазір Ибрагимбеков Мәскеуде жүр. Оны Ресейдегі әзербайжан диаспорасының өкілдері - «Лукойл» президенті Вагит Алекперов пен алпауыт магнат Араз Агаларов қолдауы мүмкін. Бұл аталған адамдар - Ресейдегі «Әзербайжан миллиардерлері одағының» мүшелері. «Миллиардерлер одағы» да Ибрагимбековті жақтауы ғажап емес.

Ибрагимбеков шетел аралап, қолдаушылар жинап жүргенімен, оппозициялық ұйымдар оның Әзербайжанға тезірек келгенін жөн көреді. Бірақ оның өзі айтқандай, оған елде қастандық жасалуы да, тіпті оны өлтіріп кетуі де мүмкін.

Оппозициялық «Мусават» партиясының жетекшісі Иса Гамбар да Әзербайжан оппозициясы ұлттық кеңесінің сайлауға Ибрагимбековті ұсынғанын қолдайды. Бірақ ол «Ибрагимбеков Бакуге тезірек оралмаса, президент сайлауына өзін ұсынатынын» мәлімдеді.

- Ибрагимбеков «айдың аяғына дейін Әзербайжанға келемін» деді. Әзірге сеніп отырмыз. Бір айдан соң «100 мың адам жинасаңдар ғана барамын», екі айдан соң «кандидатурам тіркелсін, сонда ғана барамын» деп жүрмесе болды. Егер оппозицияның жалғыз кандидатын тіркемей тастаса, Ұлттық кеңес сайлаудан шығып қалуы мүмкін. Ал бірнеше үміткер ұсынсақ, билік әйтеуір біреуін тіркесе керек, - дейді Гамбар.

ТІРКЕМЕЙ ТАСТАУ ҚАУПІ

Биліктегі «Ени Әзербайжан» (бұдан ары - «Жаңа Әзербайжан») партиясы Ұлттық кеңесті бірлігі жоқ, әлсіз ұйым ретінде көрсетіп келеді. «Жаңа Әзербайжанның» атқарушы хатшысының орынбасары Сиявуш Новрузов шілденің 2-сі күні «Сайлау жақындаған сайын әрбір саяси партия жетекшісі өз кандидатурасын ұсынады. «Жаңа Әзербайжанға» Ұлттық кеңестен келер қауіп-қатер жоқ» деп мәлімдеді.

Ибрагимбековтің кандидатурасын тіркемеу үшін билік түрлі амалдар табуы мүмкін. Заң бойынша, әр кандидат 60 сайлау округінен кем дегенде 40 мың дауыс жинап өткізуі тиіс. Бұл жергілікті шенеуніктердің кедергісі көп болады деген сөз. Одан тыс, ресейлік төлқұжаты мен Мәскеу және Калифорния қалаларында үйі бар Ибрагимбековтің кандидатурасы «шетелдік міндеттемесі» бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.
"Көшпенділер" фильмі түсіріліп жатқан кезде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев келді. Оның оң жағында отырған - Рустам Ибрагимбеков. Қазақстан, 17 ақпан 2004 жыл.
"Көшпенділер" фильмі түсіріліп жатқан кезде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев келді. Оның оң жағында отырған - Рустам Ибрагимбеков. Қазақстан, 17 ақпан 2004 жыл.

Көптеген әзербайжандықтар үшін «Әлиев-Ибрагимбеков бәсекесі» жеке бас араздығы сияқты көрінеді. Мәселен, 2012 жылы YouTube-те жарияланған видеода Әзербайжан президенті режиссерді туған күнімен құттықтап, ағыл-тегіл тілек айтып тұр. Бірақ Ибрагимбековтің Ильхам мен оның әкесі Гейдар Әлиевпен қарым-қатынасы бірде жақсы, бірде нашар болып қалып жүрді. Рустам Ибрагимбеков:

- Олар (Әлиевтерді айтады – ред.) өздерін жердің кіндігі санайды, «Әзербайжан тарихы 1993 жылдан басталады» деп санайды. Өйтіп қорлағаны көңіліме тиді. Менің оларға қарсы шыға бастаған себебім де осы, - дейді.

Ол билікті әзербайжан зиялыларының дамуына зиян тигізді деп сынайды.

Арифа Казимова мен Дейзи Синделардың мақаласын аударған – Динара Әлімжан
XS
SM
MD
LG