Accessibility links

Мурси жақтастары жараланғандарын айтады


Египеттің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурсидің жақтасы. Египет, Каир, 5 шілде 2013 жыл.
Египеттің бұрынғы президенті Мұхаммед Мурсидің жақтасы. Египет, Каир, 5 шілде 2013 жыл.
5 шілде күні Каирде, Египеттің қызметінен қуылған президенті Мұхаммед Мурси отырған әскери казармаға жүздеген жақтастары келіп, оны босатуды талап етті.

Мурсидің бірнеше қолдаушысы оқ тиіп жараланғандарын айтады. Бірақ атысты әскерилер бастады ма, әлде оқты Мурси жақтастары бірінші атты ма - белгісіз.

4 күннен бері Египеттің орнынан алынған президенті Мурси ел астанасы Каирдегі әскери казармада күзет астында отыр. Оны Египеттің әскер басшылары 3 шілдеде орнынан алған еді.

Мурси жақтастары бұрынғы президентті қолдайтын азаматтарды шеруге шығуға шақырған. Жұма намазынан кейін Каир және Египеттің басқа қалаларында бұрынғы президентті қолдап, көшеге шыққан жұрттың қарасы мол болған.

5 шілдеде Египеттің Газа секторымен шекарасында қарулы адамдардың шабуылынан бір египет сарбазы қаза тауып, екі сарбаз жараланды. Шабуыл жасағандар Мурсиді қолдайтын исламшыл топ өкілдері деген болжам бар.

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары египеттіктерді "жаппай тұтқындаулардан, күш қолданудан, заңсыз кек қайтару әрекеттерінен" сақтандырып, Египеттің "қауіпті өтпелі кезеңге" келгенін ескертті.

Әскери төңкерісті Мурси жетекшілік ететін "Мұсылман бауырлар" партиясы мойындамай отыр. Партияның сыртқы істер жөніндегі өкілі Абдел-Рахман жұма күні "Біз бұл әскери төңкерісті мойындамаймыз және күш қолданып жасалған төңкерісті мойындамаудың бейбіт тәсілдеріне сүйенеміз. Египетте ел басқарудың бейбіт амалдары ғана жасалуы тиіс" деп мәлімдеді.

Алайда Мурсиді биліктен тайдырған әскерилердің өз уәжі бар. Олар әскери төңкерісті "ел қауіпсіздігі үшін" жүзеге асырғандарын деп мәлімдеген.

30 маусымнан бастап Египет тұрғындары Мұхаммед Мурсиге қарсы бірнеше күн бойы шеруге шыққан еді. 2 шілде күні Каирде болған қақтығыс кезінде 23 адам қайтыс болды. Бірнеше күнге созылған қарсылық акциялары кезінде жалпы саны 39 адам қаза тапты. Осы оқиғалардан кейін әскерилер президентке 3 күн ішінде (3 шілдеге дейін) наразы жақпен келісімге келу туралы талап қойды. Президент шартты орындамаған соң, әскер басшылары оны 3 шілде күні биліктен тайдырды.
XS
SM
MD
LG