Accessibility links

Египетте парламент сайлауы жыл соңына дейін өтеді


Мұхаммед Мурсиді қолдаушылар республикалық күзет ғимаратының алдында наразылық танытып тұр. Каир, 8 шілде 2013 жыл.
Мұхаммед Мурсиді қолдаушылар республикалық күзет ғимаратының алдында наразылық танытып тұр. Каир, 8 шілде 2013 жыл.
Египеттің уақытша президенті Адли Мансур 8 шілдеде елдегі жаңа парламент сайлауын осы жылдың соңына дейін өткізуге жарлық шығарды. Мансурдың айтуынша, парламент сайлауы конституцияға түзетулер енгізуге қатысты референдум өткен соң ұйымдастырылмақ.

3 шілде күні әскерилер ел президенті Мұхаммед Мурсиді қызметінен шеттетіп, Египет конституциясының күші тоқтатылған.

Дүйсенбіде Каирдегі тәртіпсіздіктер кезінде 51 адам оққа ұшқаны хабарланды. Ал 5 шілде күні Мұхаммед Мурси күзетке алынған Каирдегі әскери ғимараттың алдына оның жақтастары жиналып, Мурсиді босатуды талап еткен еді. Сол кезде атыс болып, Мурсидің жақтастары жараланған. Бұрынғы президентті қолдайтын "Мұсылман бауырлар" ұйымы "бірінші болып оқ атты" деп қорғаныс министрлігін кінәлайды.

АҚШ Египет әскерилерін "барынша төзімді" болуға шақырды. Ақ үйдің мәлімдеуінше, Вашингтон Египетке көрсетіліп жатқан көмекті тоқтатпайды.

Әскерилер Мурсиді орнынан алардан бірнеше күн бұрын Египетте қарсылық шерулері басталған. 2 шілде күні Каирде болған қақтығыс кезінде 23 адам қайтыс болды. Бірнеше күнге созылған қарсылық акциялары кезінде жалпы саны 39 адам қаза тапты. Осы оқиғалардан кейін әскерилер президентке 3 күн ішінде (3 шілдеге дейін) наразы жақпен келісімге келу туралы талап қойды. Президент шартты орындамаған соң әскер басшылары оны биліктен тайдырды. Қазір Египетте Мурсиді жақтаушылар мен оған қарсылар арасында қақтығыстар болып жатыр.

Египетте 2011 жылы ақпанда елді ұзақ уақыт басқарған Хосни Мүбәрәк халық қарсылығы нәтижесінде биліктен қуылды. Содан бері бұл елге келетін инвестиция көлемі азайып, негізгі пайда көзінің бірі - туризм тоқырап тұр.
XS
SM
MD
LG