Accessibility links

Қытай Қашағанға жақындап келеді


Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай-газ құбырын салушы Қытай компаниясының жұмысшылары. Көрнекі сурет
Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай-газ құбырын салушы Қытай компаниясының жұмысшылары. Көрнекі сурет

Батыстық БАҚ-тың жазуынша, Қазақстан кеніш игерудегі қиындығы көп Қашаған жобасын жүзеге асыру үшін Қытаймен келіссөз жүргізуге мәжбүр.

Ұлыбританиялық Financial Times басылымы шілденің 8-і күні Қашаған жобасының арқасында Қазақстан ОПЕК-ке кірмейтін мұнай державалары – Бразилия, Канада және АҚШ сияқты элиталық топқа қосылуды мақсат тұтатыны, бірақ бұл мақсатқа жетуге кедергі келтіретін факторлар да баршылық екені туралы жазды. 46 миллиард доллар инвестиция салынған жобаның пайда түсіретін күні де алыстап барады. 2005 жылдан бастап мұнай өндіре бастайды деп жобаланған кеніште әлі өндіріс басталған жоқ.

FT мұның бірнеше себебін атап өтеді. Біріншісі – кеніштің техникалық ерекшеліктері. Аса жоғары қысымдағы резервуарда орналасқан шикізаттың құрамында сутегі сульфидінің үлесі тым көп, бұл улы заттан адам 30 секундтың ішінде көз жұмады. Өңірдің табиғи ерекшеліктері, экология мәселелері, теңіз түбінен мұнай өндіру қиындықтары да қосымша туындайтын маңызды мәселелер.

АРКТИКА МЕН САХАРАНЫҢ ҚОСЫНДЫСЫ

«Қашағанда жұмыс істеп жатқан мұнай өндірушілер – түрлі жағдайда жұмыс істеуге дағдыланғандар. Олар Арктиканың қысында, Сахараның ыстығында, жердің түбіндегі, инфрақұрылымы жоқ жерлерде жұмыс істеп үйренгендер. Бірақ жоғарыда аталған қиындықтардың бәрі бір жерде тоғысқан өңірде алғаш еңбек етіп жатыр» деп жазады басылым.

FT-дің жазуынша, екінші бір мәселе – кенішті игеріп жатқан консорциум құрылымы тиімсіз, мұнда өндіріске қатысты жауапкершілікті мойнына алатын шешуші оператор жоқ. Ал жобаның аса қымбатқа түскені сондай, Қашағанға бәзбіреулер “cash all gone” (барлық ақша желге ұшты – ред.) деген ат қойыпты.
Кенішті игеріп жатқан консорциумның құрылымы тиімсіз, мұнда өндіріске қатысты жауапкершілікті мойнына алатын шешуші оператор жоқ.

Мұның барлығы Қашағанда өндірілетін мұнайдың өзіндік құнына әсер етіп жатыр. Мамандардың есептеуіне қарағанда, Қашаған мұнайының құны Сауд Арабиясы мұнайының құнынан бес есе қымбат.

Қашағанды тығырыққа тіреп отырған тек техникалық мәселелер емес деп жазады ұлыбританиялық басылым. Қазақстан үкіметінің тым қатаң талаптар қоюы, келісілген ережелерді жиі өзгерте беруі инвесторларға онша ұнай қоймайды. Қазір жобаға қатысушы инвесторлар үкіметтің қолындағы мұнай өндіруді жеделдетуге қатысты қосымша 6 миллиард АҚШ долларына тең «кеңейту жоспарының» тағдыры не болатынын күтіп отыр. Ол жоспар іске асқанша Қашағаннан күніне 300 мың баррель ғана мұнай өндірілмек. Салыстыру үшін алғанда, Ирактың Румайла кенішінде ғана күніне 1 миллион 400 мың баррель мұнай өндіріледі.

«ҚАЗМҰНАЙГАЗДЫҢ» ЕУРОПА ВЕКТОРЫ

FT шілденің 8-і күні жариялаған тағы бір мақаласында Қашағанда көп мұнай өндіруден үмітті Қазақстан Еуропадағы жанар-жағармай сату нарығына енуді көздейтінін жазады. Басылымға берген сұхбатында «ҚазМұнайГаз» компаниясы төрағасының орынбасары Данияр Берлібаев компанияның Қара теңізбен шектесетін екі ел – Украина мен Түркияның жанармай стансаларына, импорттау терминалдарына және мұнай тарату орындарына өнім жеткізу жоспары бар екенін айтқан.

Басылым «ҚазМұнайГаздың» халықаралық нарыққа 2007 жылы шыққанын, Румынияның «Ромпетрол» компаниясын сатып алу арқылы осы елдегі екі мұнай өңдеу зауыты мен Еуропаның жеті еліндегі жанармай стансаларын басқаруға алғанын атап өтеді. Содан бері компания бұл зауыттарды жетілдіріп, Еуро-5 стандартындағы жанармай өндіру үшін миллиардтаған доллар инвестиция салған.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның құрамындағы Ембімұнайгаз өндірістік филиалының Қошқар ауылындағы мұнай қазандары. Мақат ауданы Атырау облысы, тамыз, 2009 жыл.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның құрамындағы Ембімұнайгаз өндірістік филиалының Қошқар ауылындағы мұнай қазандары. Мақат ауданы Атырау облысы, тамыз, 2009 жыл.
Берлібаевтың айтуынша, Қазақстан алдағы он жылдың соңына қарай күніне 2,2 миллион баррель мұнай экспорттайтын жағдайға жетеді. Оның 400 мың баррелі Қытайға сатылса, қалған бөлігі Қара теңіз арқылы Еуропа нарығына жөнелтілмек.

«ҚазМұнайГаз» ел ішінде өндірілген шикізаттың қомақты бөлігін Румыниядағы өз зауыттарында өңдеуге ынталы. «Біз Еуропаға келіп, «Бізде жылына 5 миллион тоннаның мұнай өнімдері бар, мұны кім алғысы келеді?» деп жар салмақпыз» дейді Берлібаев. Оның айтуынша, Қазақстан мұндай батыл қадамдарға бармаса, бұрынғыдай Ресей мен Қытайдың шекарасында шикі мұнайды саудалап қана күнелтіп отыра берер еді.

ҚЫТАЙДЫҢ ҮШ ҰСЫНЫСЫ

Қытайдың Қашаған жобасын игеруге ұмтылуы туралы америкалық Stratfor зерттеу ұйымы да шілденің басында жариялаған «Қазақстанның энергетикалық осалдығы» деген материалында атап өтеді. Ұлыбританияның BG Group және АҚШ-тың ConocoPhillips сияқты компанияларының Қашаған жобасынан шығып кеткенін баяндаған Stratfor олардың үлесін толтыруға қажет қаржыны Астанаға Пекин беруі мүмкін деп тұспалдайды.

Stratfor Қазақстанның мұнай-газ өндірісінің көлемін ұлғайтуға ұмтылуының екі себебін атайды. Біріншіден, Каспий аймағында Қазақстанның Қашағанымен теңесетіндей Түркіменстанның Галкыныш атты ірі газ кеніші ашылды. 4 пен 14 триллион текше метр газ қоры бар деп болжанған бұл алып кенішті игеру арқылы Ашғабат 2013 жылы Қытайға газ экспортын 20 миллиард текше метрден 50 миллиардқа бірден ұлғайтпақшы. Оның үстіне Қытай жақында Ресеймен де мұнай және табиғи газ саудасына байланысты келісім-шартқа қол қойған. Бұрындары Қытай Қазақстанды Каспий аймағындағы басты шикізат көзі деп қарастырып келсе, енді басқа елдермен де уағдаласа бастаған.

Түркіменстанның Қарақұм ауданындағы жанып жатқан газ кеніші.
Түркіменстанның Қарақұм ауданындағы жанып жатқан газ кеніші.
Екіншіден, Қашаған жобасының тез жүзеге аса қоймауы Қазақстанның бюджетіне салмақ түсіріп отыр. Stratfor-дың есептеуінше, ел бюджетінің 52,2 пайызы мұнай мен газ сатудан түскен табыстан құралады. Қашағандағы өндірістің кешеуілдеуіне байланысты Қазақстан үкіметі ішкі жалпы өнім өсімінің болжамын 7,5 пайыздан 5 пайызға төмендеткен.

Stratfor ұйымының мәліметі бойынша, осы тұста Қазақстан Қашаған жобасына қатысты Қытаймен келіссөз жүргізуге мәжбүр. Пекин ConocoPhillips бас тартқан 8,4 пайыз үлесті сатып алу үшін Астанамен үш түрлі сценарий қарастырып жатыр.

Бірінші, Қытай акция үшін Қазақстанға 5,4 миллиард АҚШ долларын төлеп, оған қоса Тынық мұхитындағы бір портын (Haylugan) пайдалануға бергісі келеді.

Екінші, Қытай тиімді несие беруді ұсынады. Бұған қатысты Қазақстан 5 миллиард АҚШ долларын оңайлатылған шартпен несиеге алғанды, 10 миллиард доллар қарызын Қытайдың біржола кешкенін қалайды. Бірақ Пекин бұл ұсынысты құп көрмейді.

Үшінші, Қытай «ҚазМұнайГазға» ConocoPhillips-тің үлесін сатып алу үшін 5 миллиард АҚШ долларына тең қаржылық көмек жасайды да, кейін қытайлық CNPC мұнай компаниясы өз атынан тағы 5 миллиард долларға әлгі үлесті «ҚазМұнайГаздан» сатып алады. Stratfor-дың болжамынша, бұл келіссөздер алдағы бірнеше апта ішінде аяқталуы тиіс.
XS
SM
MD
LG