Accessibility links

Ахмедьяровқа жасалған қастандық бойынша үкім шықты


Журналист Лұқпан Ахмедьяров. Алматы, 22 қазан 2012 жыл.

Журналист Лұқпан Ахмедьяров. Алматы, 22 қазан 2012 жыл.

Орал қаласындағы мамандандырылған сот журналист Лұқпан Ахмедьяровқа жасалған қастандыққа қатысты үкім шығарды деп хабарлайды жергілікті «Уральская неделя» газеті.

Сот айыпталушы Асхат Тахамбетовті қылмысты ұйымдастырушы ретінде 14 жылға (былтырғы заңсыз қару сақтағаны үшін сотталған 1 жылын қосқанда, жиыны 15 жыл) соттап, мүлкін тәркілеп, өзін қатаң тәртіптегі колонияға жіберуге үкім етті.

Көлік жүргізушісі Мүрсәлім Сұлтангереев 12 жылға сотталып, мүлкі тәркіленіп, қатаң тәртіптегі колонияға жіберіледі.

Журналиске травматикалық қарудан оқ атқан Алмаз Батырхаиров 11 жылға сотталып, мүлкі тәркіленіп, қатаң тәртіптегі колонияға жіберіледі.

Журналиске пышақ салған Манарбек Ақболатов 11 жылға сотталды.

Лұқпан Ахмедьяров моральдық шығыны ретінде сотталушылардан 10 миллион теңге талап еткен еді. Сот ол талапты жартылай орындап, Асхат Тахамбетовтің 2 миллион теңге, Мүрсәлім Сұлтангереевтің 1 миллион теңге, Алмаз Батырхаиров пен Манарбек Ақболатовтың әрқайсысы 500 мың теңгеден (жиыны 4 миллион теңге) өтеуін бұйырды.

«Уральская неделя» газетінің тілшісі Лұқпан Ахмедьяровты 2012 жылы 19 сәуір күні үйінің алдында біреулер тапаншамен атып, бірнеше жерден пышақтап кеткен еді. Ахмедьяров ауыр жағдайда ауруханаға түсіп, аман қалған.

Бас прокуратура 2012 жылдың желтоқсан айында «іске қатысты 23 пен 34 жас аралығындағы төрт адам ұсталып, қылмыстарын мойындады» деп хабарлаған. Журналистің өзі шабуылды кәсіби қызметімен байланыстырған.
XS
SM
MD
LG