Accessibility links

Царнаев айыбын мойындамады


Джохар Царнаев, Бостон марафонындағы жарылысқа күдікті.

Джохар Царнаев, Бостон марафонындағы жарылысқа күдікті.

Бостон марафонындағы жарылыстарға күдікті Джохар Царнаев 10 шілде күні сотта өзіне тағылған 30 айыптың бірде-бірін, соның ішінде "кісі өлтіру үшін қолдан жасалған бомбаларды пайдаланды" деген айыпты мойындамады.

19 жастағы этникалық шешен Джохар Царнаевтың соты Бостонда сәрсенбіде басталған. Соттан таратылған кейбір хабарларға қарағанда, Царнаев "кінәсізбін" деп бірнеше рет қайталаған.

15 сәуірде болған жарылыста 3 адам қаза тауып, 264 адам жараланған еді. Айыптаушы Царнаевты өлім жазасына кесуді талап етуді қарастырып жатыр.

Жарылысқа тағы бір күдікті, Джохардың ағасы Тамерлан Царнаев жарылыстан бірер күннен соң полициямен қақтығыста оққа ұшқан.

"Бостон марафонындағы жарылыстарды тергеу ісіне кедергі келтірмек болды" деп Бостонда тұрып жатқан екі қазақстандық - Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевқа да айып тағылып, АҚШ түрмесінде қамауда отыр.

Адвокаттарының айтуынша, олардың террорлық актіге қатысы болмаған. Бірақ жарылыстан соң Царнаевпен хабарлама алмасып, оның "бөлмедегі заттарды алып кетіңдер" деген өтінішін орындаған. Олар қазір "Царнаевтың оқ-дәрі құтысы салынған рюкзагын жоймақ болды" деп айыпталып отыр. Тәжаяқов пен Қадырбаевтың соты тамыз айына шегерілгені хабарланды.
XS
SM
MD
LG