Accessibility links

AI: Қазақстанда тұтқындарды әлі де азаптайды


Amnesty International ұйымының зерттеулер жөніндегі бас директоры Никола Дакворф (оң жақта) және ұйымның Еуропа және Орталық Азия бағдарламасының директоры орынбасары Дэвид Диаз (сол жақта). Алматы, 11 шілде 2013 жыл.

Amnesty International ұйымының зерттеулер жөніндегі бас директоры Никола Дакворф (оң жақта) және ұйымның Еуропа және Орталық Азия бағдарламасының директоры орынбасары Дэвид Диаз (сол жақта). Алматы, 11 шілде 2013 жыл.

Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Алматыда Қазақстандағы тұтқындарды азаптауға қатысты есебін жариялап, арнайы баспасөз жиынын өткізді.

Жиынға Amnesty International ұйымының зерттеулер жөніндегі бас директоры Никола Дакворф, ұйымның Еуропа және Орталық Азия бағдарламасының директоры орынбасары Дэвид Диаз қатысты.

Никола Дакворф журналистерге Астанада билік өкілдерімен кездесулерінде Қазақстандағы реформаларға, азаптау оқиғаларына қатысты статистикалық деректерді ғана ала алғанын айтты.

"Бірақ біз алаңдаған мәселелерімізге қатысты прокуратурадағы белгілі бір тұлғалармен кездесе алмағанымызға көңіліміз қалып отыр. Бұдан өзге прокуратура мен ішкі істер министрлігіндегі кейбір лауазымды тұлғалар кең таралған азаптау оқиғаларын барынша азайтып, ара-тұра ғана болатын жағдай ретінде көрсеткені де көңілімізден шықпады" деді Дакворф.

AI «Ескі әдеттер: Қазақстандағы азаптау мен басқа да қатыгез қарым-қатынас түрлерін тұрақты қолдану» атты баяндамасында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты "азаптауды доғарамыз, полицияның оқ атқанын тергейміз деп халықаралық қауымдастыққа жалған уәде берді" деп айыптайды.

Ұйым Қазақстанда Жаңаөзен оқұиғасынан кейін адам азаптауға қатысы бар құқық қорғау органдары өкілдерінің толық жазаланбағанын айтады.

«Жаңаөзен оқиғасынан жарты жыл өткен соң билік өкілдері «адам құқы жөніндегі халықаралық міндеттерге сай барлық өтініштерді мұқият, адал тексердік» деп мәлімдеген еді. Алайда жәбірленушілер мен олардың қорғаушыларынан, үкіметтік емес ұйымдардан түскен жүздеген хабарларға және Жаңаөзендегі адам өлімдері оқиғаларының түгелдей анықталмағанына қарамастан, полиция қызметкерлерінің бірнешеуі ғана сотқа ілікті» дейді баяндама авторлары.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG