Accessibility links

Белсендіні қаржы полициясы ұстап әкетті


Марат Жанұзақов, оппозиция белсендісі.

Марат Жанұзақов, оппозиция белсендісі.

Алматыда қаржы полициясы демократиялық күштер жиынын ұйымдастырушылардың бірі, "Балға" оппозициялық ұйымын басқаратын Марат Жанұзақовты ұстады. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Жанұзақовтың өзі телефон арқылы айтты.

Жанұзақовтың сөзіне қарағанда, кеше оны қаржы полициясы шақырып, бірнеше сағат тергеген. "Кеше бүгін таңертеңге қайта шақырған. Бірақ мен бармай қойған едім, бүгін таңертең жиынды ұйымдастырып жүрген жерімнен алып кетті. Қазір қаржы полициясында адвокатты күтіп отырмын" деді ол.

Қаржы полициясы қызметкерлері кешегі шақыртуында Марат Жанұзақовтан қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен және "Азат" партиясының төрағасы Болат Әбілевпен байланыстары туралы сұраған.

Қаржы полициясының Алматы қалалық департаментінің кезекші бөлімі Азаттық тілшісіне Марат Жанұзақов пен жиынын ұйымдастырушылардың бірі, оппозициялық "Азат" партиясының жетекшісі Болат Әбілевтің қаржы полициясында екенін растады.

Бұған дейін аймақтардағы оппозициялық белсенділер қаржы полициясы "жиынға келулеріне кедергі келтіріп жатқаны туралы" айтқан еді.
XS
SM
MD
LG