Accessibility links

Путин Сноуденге қатысты АҚШ-ты айыптады


Эдвард Сноуден (ортада) "Шереметьево" әуежайында құқық қорғаушылармен кездесіп отыр. 12 шілде 2013 жыл.

Эдвард Сноуден (ортада) "Шереметьево" әуежайында құқық қорғаушылармен кездесіп отыр. 12 шілде 2013 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденнің қазіргі жағдайына АҚШ-ты кінәлады.

«Өздері барлық басқа елдерді үрейге салған соң, енді ешкім оны алғысы келмейді, осылайша олар іс жүзінде оны біздің жерімізде құрсап қойды» деді Путин дүйсенбіде ресейлік студенттермен кездесуде.

Бұл жолы ол Ресейдің Сноуденге баспана беру-бермеуі жайында ештеңе айтпады. Бұған дейін Путин «егер америкалық әріптестерімізге қарсы әрекетін доғарса» Ресейдің Сноуденге баспана беруі мүмкін екенін мәлімдеген еді.

Эдвард Сноуден шілденің 12-і күні Мәскеудегі Шереметьево әуежайында Ресейлік және шетелдік құқық қорғаушылармен кездескеннен соң, оны паналатуға келіскен Латын Америкасындағы елдердің біріне жеткенге дейін Ресейден уақытша баспана сұрағаны хабарланған.

Вашингтон «Құпия мәліметтерді жария етті» деп айыптаған Эдвард Сноуден АҚШ арнайы қызметінің түрлі елдердегі азаматтардың интернеттегі және телефондағы байланыстарын жасырын тыңдайтын құпия бағдарламасын әшкере қылған еді. Бағдарлама халықаралық деңгейде жанжал тудырып, АҚШ-тың одақтастары да оған наразылық білдірген.

АҚШ-та Эдвард Сноуденге барлау қызметінің құпия бағдарламасын әшкерелегені үшін «тыңшылық жасады» деген айып тағылып, іс қозғалған. АҚШ Сноуденді беруді сұрап отыр.

Маусымның 23-і күні Гонконгтен Ресейге ұшып келген Сноуден содан бері Шереметьево әуежайының транзит аумағында тұрып жатыр.
XS
SM
MD
LG