Accessibility links

«Богви» компаниясы басшыларына қарсы тағы бір іс қозғалды


Ақмола облысында астық орып жүрген комбайн. Көрнекі сурет.
Ақмола облысында астық орып жүрген комбайн. Көрнекі сурет.
Қазақстан қаржы полициясы Солтүстік Қазақстан облысындағы «Управляющая компания Богви» ЖШС лауазымды тұлғаларының үстінен қылмыстық кодекстің «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Күдіктілерге 2012 жылдың басында егістік алқабы бар туралы жалған мәлімет беріп, «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» арқылы бюджеттік несие есебінен 115 миллион теңге (766 мың АҚШ доллары) алған деген айып тағылған.

Өткен аптада қаржы полициясы «Қазақстан астық компаниясы» кәсіпорнына тиесілі жалпы сомасы 710 миллион теңгені (4,73 миллион доллар) құрайтын 18,5 мың тонна бидайды талан-таражға салған деген айып бойынша «Богви» ЖШС директоры Виктор Богданецтің үстінен қылмыстық іс қозғаған.

Ақмола және Солтүстік Қазақстан аймағындағы ондаған астық элеваторлары мен шаруашылықтарды біріктірген ірі агрокомпанияның иесі Виктор Богданец биыл мамыр айының басында сот шешімімен екі айға қамауға алынған.

Маусым айының соңында Астанада «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының бұрынғы басқарма төрағасы Бейбітхан Қабдырахмановтың қамауға алынғаны хабарланды. Оған «Богви» агрокомпаниясына заңсыз жолмен жеңілдік жасап, бірнеше миллиард теңгені құрайтын мемлекет қаржысын талан-таражға салған деген айып тағылған.
XS
SM
MD
LG