Accessibility links

Қазақ-қырғыз шекара аймағында су дауы шешілген жоқ


Қазақ-қырғыз шекарасындағы Қордай кедені. Жамбыл облысы, 16 маусым 2013 жыл. Көрнекі сурет.

Қазақ-қырғыз шекарасындағы Қордай кедені. Жамбыл облысы, 16 маусым 2013 жыл. Көрнекі сурет.

Қырғызстанмен шекаралас Жамбыл облысындағы ауылдардың тұрғындары сусыз қалған егіс алқаптары қурап кете ме деп алаңдап отыр. Жамбыл облысы Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеев Қазақстан аумағына келетін өзен суын бөгеп тастаған қырғыз жағымен тағы да келіссөздер өткізгендерін хабарлады Азаттыққа.

– Қызыларық және Ақтөбе ауылдары бір жетіден бері сусыз отыр. Біз қырғыздар қойған барлық талаптарды орындап жатырмыз, тіпті біздің шекараға кіріп мал жаюларына дейін рұқсат бердік. Бірақ су мәселесі әлі шешілмей жатыр. Кеше Жамбыл облысының әкімі Қырғызстанның Талас облысының губернаторымен кездескен, – деді Батырбек Құлекеев шілденің 16-сы күні Азаттық тілшісіне.

Бүгін Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігі қырғыз билігін «Быстроток» су каналын қайтадан тезірек қалпына келтіруге шақырып, бұндай іс-әрекеттердің заңсыз екендігін және екі ел арасындағы бұған дейін жасалған келісімдерге қайшы келетіні туралы мәлімдеме таратты.

Осы аптада Қазақстан премьер-министрі Серік Ахметов жұмыс сапарымен Бішкекке барады деп хабарланған.

Бұған дейін Қырғызстанның Талас облысы Қарабура ауданына қарасты Көксай ауылының тұрғындары Қазақстанмен арадағы шекара бөлісімен келіспей, шілденің 7-і күні өзеннен тартылған арықты бөгеп, Қазақстанның Жамбыл облысындағы егіс алқаптарына су жібермей қойған еді.

Олар Қазақстандыкі деп танылған, ұзындығы 13 шақырым, аумағы 4,5 мың гектар жерді Қырғызстанға қайтару; 2012 жылғы келісім бойынша бөлінген 2,6 мың гектар жердегі белгілерді алып тастау; екі ел шекарасын өзен арқылы өткізу туралы талап қойған.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы 1241 шақырымдық шекараны бөлісу келісімі 2009 жылы аяқталып, екі тарап та оны ресми түрде мойындаған.
XS
SM
MD
LG