Accessibility links

Әблязов отбасына бола Италия шенеунігі қызметінен кетті


Мұхтар Әблязовтың жұбайы Алма Шалабаева қызы Алуамен.

Мұхтар Әблязовтың жұбайы Алма Шалабаева қызы Алуамен.

Қуғынға ұшыраған бизнесмен Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен қызы Алуаны Қазақстанға депортациялауға қатысы бар Италия ішкі істер министрлігінің жоғары лауазымды шенеунігі Джузеппе Прокаччини қызметінен кетті.

Италия билігінің мәлімдеуінше, ол елдің ішкі істер министрі Анджелино Альфано қарамағындағылардың Шалабаеваны алты жастағы қызымен қоса Қазақстанға бергені туралы кеш естіген. Бұл оқиғаға жауапкершілікті Прокаччини өз мойнына алған.

Италия шенеунігі Мұхтар Әблязовқа экономикалық қылмыс жасаған деген айып тағып іздеу салған Қазақстан билігінің сұрауы бойынша әрекет еткен деген болжам айтылып отыр. Бұған дейін Әблязовтың отбасын депортациялау оқиғасы саяси дау-дамайға ұласып, Италияда министр Альфаноның қызметтен кетуін талап еткені туралы хабарланған еді.

Өткен аптада Италия үкіметі Мұхтар Әблязовтың отбасын Қазақстанға депортациялау туралы заңсыз шешімнің күшін жоятынын мәлімдеген. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Алма Шалабаева мен оның қызын депортациялау туралы шешім «Италияның ішкі мәселесі» екенін айтқан. Қазақстан билігі қазір Алматы қаласында әке-шешесімен бірге тұрып жатқан Алма Шалабаевадан «күйеуі Мұхтар Әблязовтың туысқандарына заңсыз берілген қазақстандық төлқұжаттар туралы жеке істің фигуранты ретінде тергеу аяқталғанша елден кетіп қалмауын қамтамасыз ету мақсатында тілхат алынғанын» хабарлаған.

«БТА банк» директорлар кеңесінің төрағасы болған Мұхтар Әблязов 2009 жылы банк мемлекет меншігіне өткен соң шетелге шығып кетіп, Лондонға қоныс тепкен. Ұлыбритания оған 2011 жылы саяси баспана берген еді.

Қазақстан үкіметі Әблязовты 5 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, ұлыбританиялық сотқа жүгінген.

2012 жылғы ақпанда Лондон соты Мұхтар Әблязовті «сотты құрметтемегені» үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім еткен еді. Онымен келіспеген Әблязов 2012 жылы наурызда апелляциялық шағым жазған. 2012 жылы қараша айында Ұлыбританияның апелляциялық соты ақпанда шығарылған шешімді күшінде қалдырған.

Бұған дейін Мұхтар Әблязовқа қарсы Ресейдің заң орындары да қылмыстық іс қозғап, 2010 жылы Мәскеу соты оны тұтқынға алу туралы сырттай үкім еткен еді. Мұхтар Әблязов өзіне қатысты қозғалған істердің саяси астары бар деп санайды. Ол соңғы жылдары Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынаушылардың бірі ретінде танылды. Қазір бизнесменнің қайда екені белгісіз.
XS
SM
MD
LG