Accessibility links

Египеттің уақытша үкіметі ант берді


Египеттің уақытша үкіметінің мүшелері. Каир, 16 шілде 2013 жыл.

Египеттің уақытша үкіметінің мүшелері. Каир, 16 шілде 2013 жыл.

Египетте премьер-министр міндетін атқарушы Хазем әл-Беблави басқаратын уақытша үкімет мүшелерінің ант беру рәсімі өтті.

Бұрынғы президент Мұхаммед Мурсиді биліктен кетіруге күш салған генерал Абдел Фаттах әл-Сиси премьер-министрдің орынбасары әрі қорғаныс министрі болып тағайындалды. Сыртқы істер министрі қызметі уақытша Набиль Фахмиге жүктелді, ол 1998-2008 жылдар аралығында Египеттің АҚШ-тағы елшісі болып істеген.

Осыған дейін ішкі істер министрі болып келген Мұхаммед Ибрагим қызметінде қалды, кейбір белсенділер оған қарсы болған еді. Ganope мемлекеттік мұнай компаниясының президенті Шериф Исмаил енді мұнай және газ министрлігін уақытша басқаратын болды. Ал уақытша үкіметте өнеркәсіп және сауда министрі болып либералды көзқарастағы саясаткер, христиан дінін ұстанатын Мунир Факри Абдел тағайындалған.

Елдің бұрынғы президенті Мурсиді қолдайтын «Мұсылман бауырлар» қозғалысы уақытша үкіметті «заңсыз» деп атады.

Египетте халық көтеріліске шығып, саяси жағдай ушыққан соң, шілденің 3-і күні әскерилер президент Мұхаммед Мурсиді биліктен шеттетіп, конституцияның күшін жойған еді. Билікті қолына алған уақытша үкімет жаңа конституция түзіп, сайлау өткізуге шақырды. Бірақ «Мұсылман бауырлар» партиясы мен оның одақтастары Мурси билікке қайта келмейінше наразылық шерулерін жалғастыра беретіндерін мәлімдеген.

Сейсенбіде Каирдегі қақтығыстар салдарынан 7 адам мерт болып, 200-ден астам адам жарақат алғаны хабарланды.
XS
SM
MD
LG