Accessibility links

«Протон-М» орнын залалсыздандыру ісі аяқталды


«Протон-М» зымыран тасығышының апатқа ұшырау сәті. 2 шілде 2013 жыл.
«Протон-М» зымыран тасығышының апатқа ұшырау сәті. 2 шілде 2013 жыл.
Байқоңыр ғарыш айлағында «Протон-М» зымыран тасығышы құлаған жерді улы заттан залалсыздандыру жұмыстары аяқталды. Бұл туралы бүгін Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігі ақпарат таратты.

Залалсыздандырудың нәтижесін бағалау мақсатында улы заттың күшін жоятын ерітіндімен өңделген аумақтың топырағынан енді он күннен соң сынамалар алынбақ. Агенттік ғарыш айлағындағы 90 алаңда зымыран тасығышының қалдықтарын жинау және шығару бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын да хабарлады.

Бұған дейін «Қазғарыш» залалсыздандырылатын аумақ көлемі 13,1 мың шаршы метрді құрайды деп хабарлаған. Қазақстандық мамандар апат орнында пайда болған шұңқырда зымыран тасығыштың отыны - гептилмен ластану деңгейі шекті мөлшерден 527 есе, кейбір маңда мөлшерден 3039 есе артық деп хабарласа, Ресей мамандары ластану мөлшері бұдан да көп деген деректер келтірген.

Шілденің 2-сі күні «Глонасс» спутнигі тиелген ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшырап, жарылып кеткен еді.

Апаттан соң Ресейдің «Роскосмос» агенттігінің басшысы апат себебін анықтайтын комиссияның жұмысы аяқталғанша «Протон-М» зымыран тасығышын ғарышқа ұшыру уақытша тоқтатылатынын мәлімдеген.

Қазақстанда қоғамдық белсенділер отыны улы Ресей зымыран тасығышын Байқоңырдан ұшыруды біржолата доғаруды талап етіп наразылық шараларын өткізген.
XS
SM
MD
LG