Accessibility links

Ресей соты Навальныйды айыпты деп тапты


Блогер Алексей Навальный сотта отыр. Киров, Ресей, 5 шілде 2013 жыл.

Блогер Алексей Навальный сотта отыр. Киров, Ресей, 5 шілде 2013 жыл.

Ресейдің Киров қаласы Ленин аудандық соты «Кировлес ісі» бойынша қылмыстық айып тағылған белгілі блогер Алексей Навальныйды айыпты деп таныды. Судья сот үкімін әлі оқып жатыр.

Алексей Навальныйға 2009 жылы Киров облысы губернаторының кеңесшісі болған кезінде «Кировлес» компаниясынан құны жарты миллион АҚШ доллары тұратын мүлікті жымқырды деген айып тағылған. Бұған дейін прокуратура Навальныйды алты жылға, оның «сыбайласы» ретінде айыпталған кәсіпкер Петр Офицеровты бес жылға бас еркіндігінен айыруды сұраған еді.

Айыпталушылар мен адвокаттары қылмыстық істің саяси астары бар деп санайды. Олар қылмыстық іске «Кировлес» кәсіпорнының бұрынғы басшысы мен оның туыстарының куәліктері ғана негізгі алынғанын, қорғанушы тараптың бухгалтерлік есеп құжаттарына сараптама жүргізу туралы талаптары ескерілмегенін айтады.

Алексей Навальный соңғы сөзінде өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын, Ресейде «ұлт байлығын тұрғындардың жарты пайызы талан-таражға салып отырғанын» айтып, «елді феодалдық құрылыстан арылтып, бұл ақылға қонымсыз нәрсені түзету үшін жұмыс істейміз» деп мәлімдеген еді.

Ресейде президент Владимир Путиннің саясатын сынап, наразылық акцияларын ұйымдастырып жүрген 36 жастағы Алексей Навальный шілденің 17-сі күні Мәскеу мэріне кандидат ретінде тіркелген.
XS
SM
MD
LG