Accessibility links

Қытай саясатына наразы жас монах өзін өртеді


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сычуань провинциясында сенбі күні 18 жастағы монах өз-өзін өртеп, қайтыс болған.

Азат Азия радиосына құқық қорғаушылардың хабарлауынша, жас жігіт Тибеттің азаттығына шақыратын ұрандар айғайлап, сосын өз-өзіне от қойған. Бұл оқиғадан соң жергілікті билік телекоммуникация құралдарының жұмысын шектейтін шаралар жасаған дейді Лондонда орналасқан «Еркін Тибет» құқық қорғау ұйымы.

Қытай билігінің Тибеттегі саясатына қарсылық ретінде өзін өзі өртеу оқиғалары соңғы жылдары жиілеп кетті. 2009 жылдан бері 120-ға тарта тибеттік Қытайдың Гималай аймағын бақылауына алуына және қуғын-сүргініне наразылық танытып, өз-өздерін өртеген. Олардың көпшілігі мерт болды.

Биыл қаңтарда Сычуань провинциясында «жерлестерін өзін-өзі өртеу арқылы Қытай билігіне наразылық танытуға үгіттеді» деген айыппен сотталған екі тибет азаматының бірі өлім жазасына, екіншісі 10 жылға түрмеге кесілген еді.

Ресми Пекин тибеттіктердің өз-өзін өртеуіне дем беріп отыр деп Тибеттің қуғындағы жетекшісі Далай Ламаны кінәлайды.
XS
SM
MD
LG