Accessibility links

Әйгілі музыканттар Pussy Riot-қа бостандық сұрады


Pussy Riot панк-тобының мүшелері Мария Алехина (сол жақта) мен Надежда Толоконникова.

Pussy Riot панк-тобының мүшелері Мария Алехина (сол жақта) мен Надежда Толоконникова.

Amnesty International құқық қорғау ұйымының хабарлауынша, Ресейде түрмеде отырған Pussy Riot панк-тобының мүшелеріне бостандық беруге шақырған ашық хатқа есімдері әлемге танымал жүзден аса музыкант қол қойған.

Арасында Адель, Мадонна, U2, Йоко Оно, Брюс Спрингстен, Пол МакКартни, Стинг және басқалар бар хат авторлары Ресей билігін қазір түрмеде жазаларын өтеп жатқан 23 жастағы Надежда Толоконникова мен 25 жастағы Мария Алехинаны қамаудан босатуға үндеген.

Amnesty International ұйымының бастамасымен жазылған хатта Pussy Riot мүшелеріне қатысты соттың әділетсіздігі мен олардың түрмеге қамалуы әлемде көпшілікті, әсіресе өнер адамдарын, музыканттар мен азаматтарды дүр сілкіндіргені айтылған.

Осы аптада Толоконникова мен Алехинаның шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қаралуы тиіс.

2012 жылы ақпанда Мәскеудегі құтқарушы Ғайса ғибадатханасында «Құдай ана, Путинді қуа көр!» деп ән айтқаны үшін Pussy Riot панк-тобына мүше үш қыздың үстінен «бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, 17 тамызда әрқайсысы екі жыл мерзімге сотталған. Олардың бірі Екатерина Самуцевич 2012 жылы қазанда жазасы шартты мерзімге ауыстырылып, бостандыққа шыққан.

Құқық қорғаушы ұйымдар Pussy Riot тобы мүшелерін соттау Ресей президенті Владимир Путиннің саяси диссиденттерге төзбейтінін көрсетіп отыр деп сынайды.
XS
SM
MD
LG