Accessibility links

Құқық қорғаушылар "Харламов ісіндегі" айыпты сынады


Александр Харламов, шығыс қазақстандық құқық қорғаушы.

Александр Харламов, шығыс қазақстандық құқық қорғаушы.

23 шілде күні Алматыда «Әділ сөз» құқық қорғау ұйымы риддерлік журналист, әрі құқық қорғаушы Александр Харламовтың ісіне қатысты мәлімдеме жариялады.

«Саяси астары бар істі тергеу орындары алдын ала кесіп-пішіп қойған» деп мәлімдеді ұйым жетекшісі Тамара Калеева. Баспасөз мәслихатында «Тұран» университетінің доценті филолог-ғалым Рақила Қарымсақова Харламовтың мақалаларына жүргізілген сараптаманың методологиясын сынға алды.

«Мұндай сараптама зерттеуін дінтанушы маман жүргізуі тиіс. Сот психологиялық-филологиялық сараптамалардың қортындысына кәсіби біліктілігі нашар сарапшылардың шалағайлығы әсер ететін жағдайлар аз емес. Ал әлі күнге дейін қолданыстағы ескі методология бойынша тіпті дінге теріс баға берген марксизм-ленинизм философиясының негізін қалаушыларды да діни алауыздық тудырған деп айыптауға болады» деді ғалым.

Қоғамдық сараптама орталығының жетекшісі Ғалия Әженова бұл үкіметтік емес ұйым қазіргі уақытта дінтанушы маманмен бірге Харламовтың мақалаларына зерттеу жүргізіп жатқанын жеткізді.

19 шілдеде Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласында басталған сотта айыпталушы Александр Харламов өзін кінәсіз деп білетінін және атеист екенін мәлімдеген.

Харламовқа "ислам, иудаизм мен буддизм сияқты әлемдік діндерді зерттеп алып, діни жүйеге өзінше тәпсір жасап діни алауыздықты қоздырған" деген айып тағылған. Айыптау қорытындысында соттың психологиялық-филологиялық сараптамасының қорытындысына сілтеме жасалған.
XS
SM
MD
LG