Accessibility links

Шалабаеваның Италияға қайта алатыны хабарланды


Алма Шалабаева қызы Алуамен.
Алма Шалабаева қызы Алуамен.
Қазақстан билігі оппозициялық олигарх, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаеваның Италияға қайтып бара алатыны туралы 23 шілде күні хабарлады. "Рейтерз" агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес Астана Италия билігінен сотқа тартылған жағдайда Шалабаеваның Қазақстанға қайтып келуіне кепілдік беруін сұраған. Агенттік Қазақстан үкіметінің италиялық Corriera della Sera газетіне 23 шілде күні жариялаған мәлімдемесіне сілтеме жасайды.

Алма Шалабаева мен оның қызы Алуа Әблязова 31 мамыр күні Италиядан Қазақстанға депортацияланған еді. Оларды елден шығарып жіберген Италия полициясының операциясы адам құқықтарына қатысты жанжал тудырған. Бұл оқиғаға қатысты Италияның ішкі істер министрі Анджелино Альфано парламентте түсініктеме беріп, оған сенім білдіру мәселесі бойынша дауыс берілген. Осы министрліктің басқа бір лауазымды шенеунігі отставкаға кеткен еді.

Италия премьер-министрі Энрико Летта мен ішкі істер министрі Анджелино Альфано депортациялау ісіне қатысты ештеңе білмегендерін айтқан.

Ал "жалған құжат жасау ісіне қатысы бар" деген күдікпен ешқайда шықпау жөнінде қолхат берген Алма Шалабаева қызымен Алматыда тұрып жатыр. Оның күйеуі Мұхтар Әблязов 2009 жылдан бері шетелде. Әблязов саяси себептермен қуғын көрдім деп санайды. Қазақстан билігі оны қаржылық алаяқтық жасайды деп айыптайды. 2011 жылы Әблязовқа Ұлыбритания саяси баспана берген болатын.
XS
SM
MD
LG