Accessibility links

Шекарадан өткен 5 қырғыз малшысы екі айға қамалды


Қырғыз-қазақ шекарасы. Көрнекі сурет.
Қырғыз-қазақ шекарасы. Көрнекі сурет.
Сенбі күні Алматы облысының Райымбек аудандық соты Қазақстан шекарасынан рұқсатсыз өткен Қырғызстанның бес азаматын қамауда ұстау мерзімін екі айға дейін ұзарту туралы шешім шығарды.

Бұл туралы Азаттық тілшісіне осы істі қараған судья Ұлан Кішібай хабарлады.

– Олар қыркүйектің 24-іне дейін қамауда болады. Бұған қоса, бұл бес азаматтың үстінен қылмыстық кодекстің 330-бабының екінші бөлімі бойынша («заңсыз шекара кесу» - ред.) қылмыстық іс қозғалды. Бұл қылмыстық іс осы сотта қаралады, - деді Ұлан Кішібай.

Судья қамау мерзімі ұзартылған бес адамның тек фамилияларын ғана атады: Бикеров, Талдыбаев, Мамбеталиев, Атабеков, Дүйсекеев. Олар енді Талдықорғандағы ЛА-155/16 тергеу изоляторына жөнелтілмек.

Осы бесеуімен бір күнде ұсталған Қырғызстанның екі азаматы Үсен Ұзақов пен Елдияр Ұзақовты дәл осы Райымбек аудандық соты шілденің 17-і күні екі ай қамауда ұстау туралы шешім шығарған еді. Қазақстан шекара қызметінің өкілі Нұрлан Сағымбаев жұма күні Азаттыққа қырғыз азаматы Үсен Ұзақовқа «заңсыз шекара кесті» деген (қылмыстық кодекстің 330-бабының 1-бөлімі) айып тағылып отырғанын айтқан.

Оның сөзінше, ұсталған қырғыз малшыларының 864 қойы мен 16 аты Қырғызстан шекарашыларына тапсырылған.

Ал осы аптада Қырғызстан билігі Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне «қамалған азаматтарды босату туралы» нота жолдаған. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов Азаттыққа әзірге нота жайлы ақпараты жоқ екенін, оны анықтайтынын айтты.

Шілденің 11-і күні Қазақстан мен Қырғызстанның шекарасы түйіскен жер – Көккөл жайлауында сегіз қырғыз малшысын қазақ шекарашылары ұстаған еді. Олардың біреуі кәмелетке толмаған себепті босатылып, қалған жетеуі изоляторға қамалған.
XS
SM
MD
LG