Accessibility links

Бішкектің экс-мэрі 11 жылға сотталды


Бішкектің бұрынғы мэрі Нариман Төлеев, Бішкек, 22 маусым 2012 жыл.

Бішкектің бұрынғы мэрі Нариман Төлеев, Бішкек, 22 маусым 2012 жыл.

Қырғызстан соты сейсенбіде Бішкектің бұрынғы мэрі Нариман Төлеевті "сыбайлас жемқорлық жасады" деп айыптап, 11 жылға бас еркіндігінен айырды. Бішкек соты Төлеевке қоса қала әкімшілігінің бұрынғы бірнеше шенеунігін де сыбайлас жемқорлық айыбы бойынша 5 жылдан 13 жылға дейінгі мерзімдерге түрмеге жапты.

Нариман Төлеев өзіне тағылған айыптың саяси астары бар деп санайды. Ол Бішкекті бұрынғы президент, 2010 жылы сәуірде биліктен қуылған Құрманбек Бакиевтің тұсында басқарған.

Төлеев кейін оппозициялық "Ата Жұрт" партиясы атынан парламент депутаты болып сайланды. Ол 2011 жылы өткен президент сайлауына түспек болған. Бірақ дауыс беруге аз уақыт қалғанда оны сайлаудан шығарып тастады.

Бұрынғы мэр "сыбайлас жемқорлыққа барды және қаланы дұрыс басқармай, мемлекетке 1,4 миллион АҚШ доллары мөлшерінде зардап келтірді" деп айыпталып, өткен жылы маусымда тұтқындалған еді.
XS
SM
MD
LG