Accessibility links

БҰҰ: Ауғанстанда бейбіт тұрғындар қазасы көбейді


Қауіпсіздік қызметкерлері жарылыстан қаза тапқан адамды әкетіп барады. Ауғанстан. Көрнекі сурет.

Қауіпсіздік қызметкерлері жарылыстан қаза тапқан адамды әкетіп барады. Ауғанстан. Көрнекі сурет.

БҰҰ Ауғанстанда биыл алты айда жанкештілер жасаған шабуылдар мен жарылыстардан құрбан болған бейбіт тұрғындар саны көбейгенін хабарлады.

Ұйымның бүгін жария еткен баяндамасында қаңтар мен маусым айлары аралығында 1319 адам қаза тауып, 2500-ден астам адам жараланғаны, бұл көрсеткіш өткен жылдың алғашқы алты айымен салыстырғанда 23 пайызға көбейгені айтылады.

Бейбіт тұрғындар өміріне ең алдымен жанкештілер жасайтын жарылыстар, сосын үкімет күштері мен содырлар арасындағы қақтығыстар қауіп төндіреді. БҰҰ дерегіне қарағанда, қаза тапқандардың 74 пайызы содырлар шабуылынан, 9 пайызы үкімет күштерінің қолынан, ал 12 пайызы содырлар мен қауіпсіздік күштерінің қақтығысы кезінде қаза тапқан.

Ауғанстандағы "Талибан" ұйымы БҰҰ есебін "мүлдем біржақты содырларға қарсы үгіт-насихат" деп атады.

Ауғанстанда үкімет күштері елдегі қауіпсіздікті сақтау өкілетін өткен айда НАТО әскерінен қабылдап алған еді. Бірақ халықаралық коалиция күштерінің басым бөлігі елден 2014 жылдың соңына қарай кетеді.
XS
SM
MD
LG