Accessibility links

"Әблязовтың ұсталуы оппозицияны әлсіретеді"


Мұхтар Әблязов, қуғындағы олигарх, оппозициялық саясаткер.
Мұхтар Әблязов, қуғындағы олигарх, оппозициялық саясаткер.

Шілденің 31-і күні Мұхтар Әблязовтың Францияда ұсталғаны туралы хабарға қатысты қазақстандық азаматтық қоғам өкілдері Азаттыққа пікір білдірді.

Қуғындағы олигарх, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовты 31 шілдеде Ниццадағы үйінде жасырынып жатқан жерінен Францияның арнайы күштері ұстады. Бұл туралы Әблязовтың отбасының адвокаты Азаттыққа хабарлады. Тұтқындау кезінде Әблязовтың қасында Гауһар есімді қарындасы болған. Адвокат олигархты экстрадициялау туралы өтініштің нақты қай елден түскенін әзірше білмейтінін айтты.

Ұлыбританиялық The Financial Times басылымы 31 шілде күні Әблязовтың Ресейдің тапсырысы бойынша ұсталғанын хабарлаған.

Қазақстандық азаматтық белсенді, тәуелсіз журналист Сергей Дуванов Франция халықаралық құқық нормаларын ескере отырып Мұхтар Әблязовты Ресейге экстрадицияламайды деп ойлайды. Оның пікірінше, егер Әблязов Ресейге жеткізілетін болса, Қазақстаннан бір-ақ шығады.

- Ондай жағдайда Назарбаевтың саяси режимі негізгі қарсыласынан құтылады. Бұл - бір ғана мәселе. Екінші мәселе - қазақстандық демократиялық күштерге орны толмас нұқсан келеді. Өйткені Әблязов қазір Ақордаға барынша ашық қарсы шығып жүрген саяси алаңдағы жетекші ойыншы, - деді Дуванов Азаттыққа шілденің 31-і күні.

Әблязов пен БТА

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға кетті.

2011 жыл - Ұлыбритания Қазақстан президенті Назарбаевты сынайтын оған ​саяси баспана берді. Қазақстан Әблязовті 6 миллиардтай АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Әблязов істің "саяси астары" бар деп мәлімдеді. Қазақстан Ұлыбританияға оны экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон соты Әблязовті "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Әблязов бой жасырды. Лондон соты Әблязовтен БТА пайдасына 2,1 миллиард доллар өндіруге үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияда Украина талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовті Ресей мен Украинаға экстрадициялауға үкім етті. Францияның кассациялық соты ол үкімді тоқтатты. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Қыркүйекте Әблязовті экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьері Мануэль Вальс қол қойды.

2016 жыл - Желтоқсанда Франция мемлекеттік кеңесі Әблязовті Ресейге экстрадициялау туралы бұйрықтың күшін жойды. Желтоқсанның 10-ы ол абақтыдан босады.

2017 жыл - Қазақстан Әблязовке "ұйымдасқан қылмыстық ұйым құрды" деген айып тағып, шығынды 7,5 миллиард доллар деп мәлімдеді. 2017 жылы оны Қазақстан тергеуге шақырды, бірақ Әблязов келмеді.

2017 жыл - 7 маусымда Алматы соты Әблязовті "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша сырттай 20 жылға соттады.

2018 жыл - Қазақстан билігі қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салды.


Дувановтың ойынша, жергілікті құқық қорғаушылар Әблязовтың Ұлыбританияда саяси баспана алғанын ескеріп, оның Ресейге экстрадициялануына барынша теріс пікір айтады.

Ал қазақстандық оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин "Еуропада қазақстандық оппозиция өкілдеріне қарсы әрекеттер жасалғанына" күйінеді.

- Бұл қалай болғанда жақсы жағдай емес. Әсіресе, соңғы кезде Еуропаның осы тұрғыда белсенділік танытып, Қазақстан оппозициясының өкілдеріне қарсы әрекеттер жасауы, соның ішінде әсіресе, Әблязовқа қарсы шаралар қолдануы адамды күйіндіреді. Әрине, бұл Қазақстандағы оппозицияның әлсіреуіне әсер етеді, - деді Қуанышәлин Азаттыққа.

Қазақстанның энергетика министрі болып қызмет атқарған Мұхтар Әблязов 2000 жылдардың басында оппозицияға өтіп, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сыншысына айналған еді. 2002 жылы Әблязов "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты" және "қызмет өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен 6 жылға сотталған. Бір жылдан соң президент рақымшылығы бойынша босап шыққасын 2005-2009 жылдар арасында ол БТА банкін басқарған.

2009 жылы шетелге қашқан Мұхтар Әблязов өзін саяси себеппен қуғын көруші деп санайды. Қазақстан билігі оған БТА банкінің қаржысын талан-таражға салып, аса ірі көлемде қаржылық алаяқтық жасады деген айып тағады.

Мұхтар Әблязовқа 2011 жылы Ұлыбритания саяси баспана берген болатын. 2012 жылы БТА банкінің шағымы бойынша Лондонның жоғарғы сотында қаралған іс кезінде сот отырысына келмегесін ол 22 айға сотталған болатын. Содан бері Әблязовтың қайда тұрып келгені белгісіз болған.

Бұған дейін 31 мамыр күні Әблязовтың әйелі мен қызын Италия полициясы Римде тұрып жатқан жерінен Қазақстанға депортациялаған болатын.

Материалды әзірлеуге Мақпал Мұқанқызы қатысты.
XS
SM
MD
LG