Accessibility links

Алматыда Әблязовты Қазақстанға қайтармауды сұрады


Алматыда бір топ белсенді оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтың ұсталуына байланысты Франция бас консулдығына хат тапсырды.

Хат тапсыруға 30 шақты адам жиналған. Олар Франция президенті Франсуа Олландтың атына жазылған хатта Мұхтар Әблязовты Қазақстанға экстрадицияламауды сұраған.

31 шілдеде Мұхтар Әблязовты Францияның Муан-Сарту қаласында француз қауіпсіздік күштері ұстаған еді. The Financial Times басылымы 31 шілде күні Әблязовтың отбасының адвокатына сілтеме жасай отырып, оның Ресей тапсырысы бойынша ұсталғанын хабарлаған.

Қазақстанның энергетика министрі болып қызмет атқарған Мұхтар Әблязов 2000 жылдардың басында оппозицияға өтіп, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сыншысына айналған еді. 2002 жылы Мұхтар Әблязов "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты" және "қызмет өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен 6 жылға сотталған. Бір жылдан соң ол президент рақымшылығымен босап шығып, 2005-2009 жылдары БТА банкін басқарған.

2009 жылы шетелге қашқан Мұхтар Әблязов өзін "саяси себеппен қуғын көрушімін" деп сипаттайды. Қазақстан билігі оған "БТА банкінің қаржысын талан-таражға салып, аса ірі көлемде қаржылық алаяқтық жасады" деген айып тағады.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG