Accessibility links

AI: Әблязов Қазақстанда қауіп-қатерге ұшырайды


Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов.
Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов.
"Франция билігі қазақстандық оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовты экстрадициялауды заңға сәйкес жүргізуі керек және оны Қазақстанға тапсыруы мүмкін деген елдерге экстрадицияламауы тиіс" деді Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы 1 тамызда таратқан мәлімдемесінде.

Amnesty International-дың Еуропа және Орталық Азия бағдарламасы бойынша директоры Джон Далхюсеннің айтуынша, "Қазақстан билігі Әблязовты қалай болғанда да қолға түсіруді көздейді". "Француз билігі оған қатысты істі мұқият тексеріп, оны Қазақстанға тапсыруы мүмкін деген елдерге экстрадицияламауы тиіс. Қазақстанға қайтарылған жағдайда ол азаптауға немесе басқа да қауіп-қатерге ұшырайды" дейді ұйым өкілі.

2005-2009 жылдары БТА банкін басқарған Мұхтар Әблязовты Қазақстан билігі "банк қаржысын талан-таражға салды және қаржылық алаяқтық жасады" деп айыптап, үстінен іс қозғаған. 2009 жылы шетелге қашқан Әблязовтың осыған дейін нақты қайда екені белгісіз болған еді. 31 шілдеде оны Францияның Муан-Сарту қаласында осы елдің қауіпсіздік күштері ұстады. Франция прокуратурасы Мұхтар Әблязовты ұстау туралы өтінішті Украина бергенін айтады.

Amnesty International ұйымы Әблязов Украинаға экстрадицияланса, ресми Киев оны ары қарай Қазақстанға беруі мүмкін деген қауіп бар дейді.

Ұйым бұған қоса Италия билігінің мамырдың соңында Мұхтар Әблязовтың осы елде тұрып жатқан әйелі Алма Шалабаева мен қызы Алуа Әблязованың Қазақстанға депортациялағанын да сынайды.

"Италия үкіметі Қазақстан билігінің қысымына шыдамады. Франция үкіметі мұндай қателікті қайталамауы керек. Еуропа елдері, оның ішінде Франция да бар, Әблязовтың жеке бас құқықтарының қорғалатынына және құрметтелетініне кепілдік беріп, үлгі көрсетуі тиіс. Олай болмаған жағдайда Еуропада адам құқықтарын аяққа таптау Орталық Азия елдеріндегідей үйреншікті құбылысқа айналады" дейді Джон Далхюсен.

1 тамызда Францияның Экс-ан-Прованс қаласының прокуроры Соланж Легра Азаттыққа Әблязов өзін экстрадициялау мәселесі шешілгенше әзірше қамауда бола тұратынын айтқан.
XS
SM
MD
LG