Accessibility links

АҚШ Ресейдің Сноуденге баспана бергеніне наразы


Эдвард Сноуденге Ресейден уақытша баспана берілгені жайлы құжат. 1 тамыз 2013 жыл.
Эдвард Сноуденге Ресейден уақытша баспана берілгені жайлы құжат. 1 тамыз 2013 жыл.
АҚШ өзінің арнайы қызметінің бұрынғы агенті, қуғындағы Эдвард Сноуденге Ресейдің уақытша баспана беру туралы шешіміне "қатты өкініш" білдірді. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джей Карнидің хабарлауынша, қазір Вашингтон күзде өтеді деп жоспарланған, АҚШ пен Ресей президенттері Барак Обама мен Владимир Путин қатысатын саммитті өткізу-өткізбеу жайын қайта қарап жатыр.

Сноуденнің адвокаты Анатолий Кучерена клиенті Ресейден бір жылдық уақытша баспана алды деп хабарлаған. Оның сөзіне қарағанда, Сноуден 1 тамыз күні 23 маусымнан бері тұрып келген Шереметьево әуежайындағы халықаралық транзиттік аймақтан Ресей аумағына қарай шығып кеткен.

Сноуден уақытша баспана бергені үшін Ресей үкіметіне алғыс білдіріп, АҚШ үкіметін "заңды сыйламайды" деп сынады.

Эдвард Сноуден АҚШ-тың барлау қызметтерінің телефон байланыстары мен интернетті бақылайтын арнайы бағдарламасы туралы құпия ақпараттарды жариялаған. АҚШ үкіметі оған "тыңшылық жасады" деген айып тағып, айыптау құжаттарын Вирджиния штатының федералды сотына 21 маусымда түсірген.

Сноуденге "мемлекеттік меншікті ұрлады, ұлттық қорғаныс ақпараттарын рұқсатсыз бөгде адамдарға таратты" деген айыптар да тағылған. Бұл айыптардың әрқайсысы бойынша 10 жыл түрме жазасы қарастырылған.
XS
SM
MD
LG