Accessibility links

Италия депутаттары Әблязовтың әйелімен кездесті


Италия парламентінің депутаты Манлио Де Стефано. Алматы, 4 тамыз 2013 жыл.

Италия парламентінің депутаты Манлио Де Стефано. Алматы, 4 тамыз 2013 жыл.

Қуғындағы олигарх, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаевамен жүздесуге Алматыға арнайы келген Италия парламентінің бес өкілі сенбі күні онымен кездесті. Бұл туралы жексенбі күні Азаттық тілшісіне бес италиялық депутаттың бірі Манлио Ди Стефано хабарлады.

- Біз Алма Шалабаева ханым және оның қызы Алуамен кездесіп, қазіргі жағдайларымен таныстық. Оның көңіл-күйі жабырқаңқы екені байқалады, оны Қазақстанға еркінен тыс әкелгенін және жұбайының қазіргі жағдайын ескерсек бұлай болуы түсінікті, - деді Манлио Ди Стефано.

Италия парламентінің өкілдері Алессандро Ди Баттиста, Манлио Ди Стефано, Даниеле Дель Гроссо, Карло Себиллия және Эммануил Скаюзи Алма Шалабаева мен қызының Қазақстанға экстрадициялануы заңға сәйкес болмағандықтан олардың Еуропаға қайтуына шектеу болмау керек деген пікірде. Олар бұл мәселені дүйсенбі күні Астанада Қазақстанның ресми өкілдерімен кездесуде көтеретіндерін жеткізді.

2013 жылы 31 мамыр күні Италия полициясы Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен кәмелетке толмаған қызы Алуаны Римде тұрып жатқан жерінен ұстап, Қазақстанға депортациялаған. Кейін Италия үкіметі депортация туралы шешім заңсыз екенін мәлімдеп, бұған қатысты кінәні мойнына алған Италия ішкі істер министрлігінің лауазымды шенеунігі отставкаға кеткен.

Қазақстан үкіметі "экономикалық қылмыс жасаған" деген айыппен іс қозғап, іздеу жариялаған қуғындағы қазақ саясаткері әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовты шілденің 31-і күні Францияның Муан-Сарту қаласында осы елдің қауіпсіздік күштері ұстаған.

Мұхтар Әблязов өзіне қатысты қозғалған істердің саяси астары бар деп мәлімдеп келеді.
XS
SM
MD
LG