Accessibility links

«Роскосмос»: «Протон-М» құлаған жерде қауіп жоқ


Ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышының құлаған сәті. Байқоңыр, 2 шілде 2013 жыл.

Ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышының құлаған сәті. Байқоңыр, 2 шілде 2013 жыл.

Ресейдің «Роскосмос» ғарыш агенттігінің басшысы Владимир Поповкин Қазақстанның Байқоңыр ғарыш айлағында шілденің 2-і күні апатқа ұшыраған «Протон-М» зымыран тасығышы құлаған жердің "экологиялық тұрғыдан қауіпсіз" екенін мәлімдеді деп хабарлады Ресейдің "РИА Новости" агенттігі.

Поповкин бұл туралы сенбі күні Ресейдің Амур облысында жаңадан салынып жатқан Восточный ғарыш айлағының экологиялық қауіпсіздігі бойынша ресейлік зымыран тасығыш жасайтын конструкторлар, «Роскосмос» өкілдері, эколог-ғалымдар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың және жергілікті билік өкілдері қатысқан жиында айтқан.

Зымыран тасығышқа пайдаланылатын гептил отынының қоршаған ортағы әсері туралы сауалға «Роскосмос» басшысы Байқоңырдағы апатты мысалға келтірген.

«2 шілдеде Байқоңырдағы апатта шамамен 200 тонна гептил мен 400 тонна амил болды, оның барлығы жарылып кетті. Апат орнында көлемі 20 және 40 метр, тереңдігі 7 мерт шұңқыр пайда болды. Ал қоршаған ортағы зиянды салдарын біз таба алмадық, өйткені барлығы жанып кеткен» деген Поповкин.

«Роскосмос» жетекшісі Байқоңыр аймағындағы «Протон-М» апаты болған жерде «зиянды заттардың концентрациясы қазір шекті мөлшерден аспайды» деген.

Сонымен бірге Поповкин ресейлік экологиялық қозғалыс белсендісіне берген жауабында «Ресейдің Восточный ғарыш айлағынан «Протон-М» зымыран тасығыштары ұшырылмайтынын» айтқан.

Осы аптада Байқоңырда зымыран апатынан бері тұңғыш рет Қазақстан вице-премьері Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен мемлекетттік комиссия отырысы өткен еді. Ол жиынға ресейлік «Роскосмос» өкілдері де қатысқан.

2 шілде күні ресейлік «Протон-М» зымыран тасығышы Байқоңырдан ұша бере апатқа ұшырап, жарылып кеткен еді. Апат салдарынан Байқоңыр ғарыш айлағы маңындағы зымыран тасығыштың улы отынымен ластанған жер көлемі туралы түрлі пікірлер айтылған.
XS
SM
MD
LG