Accessibility links

Храпуновтар мен Рысқалиевтар қаржысы бұғауланды


Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі.
Виктор Храпунов, Алматы қаласының бұрынғы әкімі.
Қаржы полициясы бүгін Швейцария құзырлы органдарының Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов пен оның отбасы мүшелерінің активтерін бұғаулап, қаржылық және басқа да құжаттарының тексеру жүргізу мақсатында тәркілегенін хабарлады.

Қазақстан билік орындары Интерпол халықаралық полиция ұйымы арқылы Храпуновты «алаяқтық жасады, қаржы жымқырды және ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар» деген айыппен іздеп жатыр. Осыған ұқсас айып бойынша оның әйелі Ләйлә Храпуноваға да экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі іздеу жариялаған.

Швейцарияның құзырлы орындары Храпуновтардың активтерін олардың қайдан шыққаны, Храпуновтардың оларды қалай иеленгенін анықтағанға дейін бұғаулаған.

64 жастағы Виктор Храпунов 2008 жылдан бері Швейцарияда тұрады. Ол 1990 жылдардың ортасынан 2000 жылдардың ортасына дейін Алматы қаласының әкімі болды. 2004-2007 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарды. 2007 жылы Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі қызметін атқарын отырған жерінен отставкаға кетті. Үкімет тарапынан оған Алматы қаласының маңындағы жерлерді заңсыз үлестірді деген айыптар тағылды. Осыдан соң ол Швейцарияға көшіп кетті.

2009 жылдың желтоқсан айында франциялық «Билан» журналы оны Швейцариядағы ең дәулетті 300 адам санатына қосқан еді.

Қаржы полициясының ақпаратына қарағанда, Швейцарияның федералдық прокуратурасы Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев пен оның інісі Аманжан Рысқалиға қатысты қаржы жымқырды деген күдік бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Оның нәтижесі бойынша Швейцария банкілерінде Рысқалиевтарға тиесілі делінген үш есеп-шот табылып, оларда 100 миллион еуродан астам қаржы бары анықталған. Прокуратура ол есеп-шоттарды бұғаулаған.

Бергей Рысқалиевтың үстінен бұған дейін "бюджет қаржысын жымқырды және қызмет өкілетін теріс пайдаланды" деген айыптар тағылып, тұтқынға алу туралы санкция шыққан. Қаңтар айында оған іздеу жарияланған.

Былтыр қазанда Атырау қалалық соты Аманжан Рысқалиды "алаяқтық жасаған" деген айыппен қамауға алуға сырттай санкция берген еді.
XS
SM
MD
LG